Академия тыңдаушылары оқу барысында мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, мемлекеттік аппаратта қызмет ететін кәсіби тұлғалармен кездесіп, сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік алады.
23 қаңтар күні Академияда мемлекеттік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілер үшін өткізіліп жатқан біліктілікті арттыру курстарының тыңдаушылары және Астана қаласының Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің өкілдері ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаймен кездесті.
Мотивациялық кездесуде Дархан Медеғалиұлы жұмыс тәсілін өзгерту арқылы жаңаша серпінге қадам жасау керек екенін атап өтті. Сондай-ақ Агенттік төрағасы жастарға мемлекеттік қызметшілердің бәріне ортақ міндет халық үніне құлақ асып, қоғамның сұранысына толыққанды жауап бере алатын ашық, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру екенін баса айтты. Мемлекеттік қызметшілердің «Адал азамат» ретіндегі тұлғалық болмысына, моральдық-әдептік келбетіне қойылатын талаптар, басты ұстанымдар, құндылықтар жайлы да сөз қозғалды.
Кездесуге қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасуда белсенділік танытты. Дархан Медеғалиұлы жастарды ел игілігі жолында адал еңбек етуге шақырды.
Атап өтейік, Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің қатысушылары Академиядағы 5 күндік оқуын аяқтады, алдағы уақытта олар мемлекеттік органдарда өндірістік практикадан өтеді. Қазіргі таңда Академияда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне алғаш кірген мемлекеттік қызметшілер құзыреттіліктерін арттыру мақсатында білім алып жатыр. Оқу бағдарламасы аясында тыңдаушылар кәсіби коммуникациялар, шешендік өнер, коучинг, жобалық менеджмент, деректерді талдау, стратегиялық менеджмент және т.б. тақырыптар бойынша өздерінің білімдері мен дағдыларын арттырады.