Жаңалықтар

АКАДЕМИЯДА ҒЫЛЫМ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Зәки ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Ғылым апталығының ашылу салтанатына қатысты. «Даму күні» аясында өткен шарада вице-министр Академия қызметкерлері мен білім алушыларына «Ғылымдағы инновациялар: тенденциялар мен перспективалар» тақырыбында дәріс оқыды.

Дәріс барысында Дархан Жұмақанұлы Ұлттық инновациялық жүйеге тоқталып, Оңтүстік Корея сынды өзге мемлекеттердің тәжірбиелерімен де бөлісті. Ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау бойынша тың ақпарат берді. Ғылым қорының функцияларын күшейтумен қатар венчурлік қаржыландыруды дамыту туралы айтты. Сондай-ақ кездесу соңында тыңдаушыларға бүгінгі таңдағы ғылымның іргелі жетістіктері мен перспективалары туралы мағлұматтар айтып, сұрақтарына жауап берді.

Атап өтейік, 12 сәуір – Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні. Академияның ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған Ғылым апталығы аясында вебинарлар, «Идеялар фабрикасы» сараптамалық талқылауы, Академияның профессорлық-оқытушылар құрамы шығарған кітаптар көрмесі, «Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет» журналында мақалалар жобалау және жариялау бойынша семинар, эсселерді дайындау және аналитикалық жазбалар бойынша семинар өтеді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өкілдері магистранттар мен докторанттар кеңесі мүшелерімен кездеседі, Академияның үш филиалында қонақ дәрістер мен аймақтық семинарлар өтеді. Апталық Академияның ғылыми саясатының мақсаттарын іске асыру аясында StrateGOV ғылыми-зерттеу кеңсесінің презентациясымен аяқталады.

 

 

 


Your browser does not support SVGs