Академияда «Даму күні» аясында «АУЫЛДЫҚ АУМАҚТАРДЫ БАСҚАРУ» дискуссиялық алаңы өз жұмысын бастады. Аталған алаң Академия мен «Ауыл» партиясының бірлескен жобасы болып табылады.
Дискуссиялық алаңда білікті сарапшылардың қатысуымен ауылдық аумақтардың түрлі өзекті мәселелері талқыланып, мемлекеттік басқару тұрғысынан шешу жолдары қарастырылатын болады.
Талқылаудың алғашқы отырысына «Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, партия фракциясының төрағасы Серік Егізбаев, төрағаның орынбасары, экономика ғылымдарының докторы Қайрат Айтуғанов, Мәжіліс депутаты, партияның фракция мүшесі Анас Баққожаев және партияның орталық аппаратының басшылық құрамы өкілдері қатысты.
Отырыста Қайрат Айтуғанов «Ауылдық аумақтарда кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбында баяндама жасап, нақты кейстерді талқылады. Қайрат Қаппарұлы терең білімі, орталық және жергілікті атқарушы органдарда, «Оңтүстік» ӘКК-де жоғары басшылық лауазымдардағы мол тәжірибесі негізінде тақырыпты кеңінен аша білді.
Білім алушылар көптеген сұрақтар қойып, отырыс қызу пікір алмасуға ұласты.
Дискуссия барысында Анас Баққожаев да сөз алып, Мәжіліс қарауындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша заң жобалары туралы сұрақтарға жауап берді.
Аталған дискуссиялық алаң тұрақты түрде жұмыс жасайтын болады. Алаңда қарастырылатын тақырыптар жергілікті атқарушы орган өкілдері болып табылатын білім алушылармен бірге орталық атқарушы орган өкілдері үшін де пайдалы болатындығы сөзсіз.
Академия президенттік құрылым ретінде партиялық ұстаным тұрғысынан бейтарап позиция ұстанады. Дегенмен, білім алушылардың сарапшылық әлеуеті мен кәсіби құзыреттіліктерін жан-жақты дамыту бағытында барлық ірі саяси партиялармен әріптестік жасау мақсатқа лайық болмақ.
«Даму күні» аясында «Қыран» зияткерлік дебат клубы «Жасанды интеллект ұзақ мерзімді перспективада адамзат үшін қауіпті ме?» тақырыбында пікірсайыс өткізді. Қатысушылар өз ойларымен дәйектемелерін нақты аргументтер арқылы жеткізіп, жоғары деңгейдегі ойын көрсетті.
Пікірсайыстың қорытындысы бойынша, Үкімет фраксиясының мүшелері «Өңірлік даму» білім беру бағдарламасының 1 курс магистранты- Иманпеисов Жанболат Жолдыбайұлы және Бекишбаев Ербол Дуйсенбекович оппозициядан бысымдау түсіп, жеңіске жетті. Ойыншыларды шын жүректен құттықтаймыз!
«Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалды ойыны өтті. Шараға Академия қызметкерлері мен білім алушылары қатысты. Интеллектуалды ойынды Академия докторанты Ерболат Мұхтарұлы жүргізіп, командаларды басқарып, екі жақты тең ұстайтай магистранттарға түрлі сұрақтар қойды.
Қатысушылар да күрделі, интеллектуалды сұрақтарды сараптап, тез арада ой елегінен өткізіп, жауаптарын берді. Ойын – классикалық үлгі бойынша «үздік блиц», «қара жәшік», «теледидар сұрақтарының секторы» секілді кезеңдерді қамтыды.