Жаңалықтар

Ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы басталды

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Агенттік төрағасы Дархан Жазықбайдың қатысуымен сайланған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы ашылды.

Президент Қазақстан халқына жолдауында азаматтардың талабына сәйкес әкімдерді тікелей сайлау жүйесі іске қосылып, барша ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы сайланғанын айта келе, олардың 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте істемегенін атап көрсетті. Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдердің біліктілігін арттыруды Үкімет пен Агенттікке тапсырды. Бағдарлама оффлайн және онлайн форматтарында 240 оқу сағатынан тұрады, олардың 100 сағаты «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы тарапынан ұсынылған. Курс 17 модульден тұрады, олар кәсіби және басқарушылық құзыреттерді арттыру үшін маңызды тақырыптарды қамтиды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасы аясында Мемлекеттік басқару академиясы аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдерін біліктілікті арттыру бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама жергілікті басқару міндеттерін тиімді орындау, ауыл халқының өмір сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту үшін қажетті негізгі құзыреттерді дамытуға бағытталған», – деді Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.

Сонымен қатар бағдарлама коммуналдық меншік басқару, экологиялық мәселелер, кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту тақырыптарын қамтиды. Оқыту барысында мемлекеттік басқарудағы цифрлық технологияларды меңгеру, оның ішінде электронды қызметтер мен басқарушылық шешімдер қабылдау құралдары ерекше орын алады. Курс соңында қатысушылар өздерінің ауылдық округтердің экономикалық дамуы бойынша бағдарламаларын ұсынады. Оқыту 17 ақпан мен 13 мамыр аралығында Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында өтеді.


Your browser does not support SVGs