Академияда қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің немересі Дәурен Қастеевтің шығармаларының көрмесі өтті.
Галереяға Дәурен Қастеевтің шығармаларының ішіндегі ең атақты қазақтың тотемі «бөрі» картинасы да қойылды. Сондай-ақ келушілер таулардағы көктемнің келуі мен жайлау тақырыбындағы суреттерді тамашалады. Ілияс Жансүгіровтің поэмасы негізінде салынған графика суреттері де көрмеге қойылды.
Көрермендер назарына «Киіз үйде керемет көп», «Ер қадірін ел білер, зер қадірін зергер білер» бейнефильмдері мен балалар әдебиетінің кітап жәрмеңкесі ұсынылды. Балаларға арналған кітап көрмесінде 3 тілде жазылған шығармалар бар. Қойылған кітаптардың ішінде халқымыздың аңыз-ертегілері, кішкентайлар қызығып оқитын космоспен байланысты шығармалар мен қаржылық сауаттылыққа үйрететін туындыларды кездестіруге болады.
Мерекелік іс-шараны Академияның электоралдық оқыту орталығы ұйымдастырды.