Бүгін Академияның 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Даму күнінде» ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіппен кездесу өтті.
Кездесу барысында спикер «Бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз» тақырыбында дәріс оқып, еліміздегі мемлекеттік реформаларды жүзеге асырудағы бірлік пен ынтымақтың рөлін атап өтті. Сонымен қатар қазіргі кезде мемлекеттілігімізді дамытудағы мемлекеттік қызметшілердің орны мен рөлі қандай болуы керек екенін айтты. Тыңдаушылар көкейлерінде жүрген сауалдарына тұшымды жауап алды.
Сондай-ақ «Даму күнінде» Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов Ермекұлы «Жергілікті билік пен мәслихаттың өзара іс-қимылы» тақырыбында дәріс оқыды. Академияның профессорлық-оқытушылық құрамымен және тыңдаушыларымен пікір алмасты.
«3 жылға арналған кешенді даму жоспарлары қабылдануда. 2023 жылы денсаулық сақтау, ТЖ және полиция қызметі салаларын дамыту жоспарлары қабылданды. 2024 жылғы қаңтарда білім, мәдениет және спорт салаларын дамытудың кешенді жоспарлары бекітілуде», – деді Каналимов Ерлан өз сөзінде.
Кездесу барысында Ерлан Ермекұлы мәслихат пен жергілікті биліктің елордамыздағы әртүрлі деңгейдегі мәселелерді бірігіп шешудегі қызметі туралы баяндады.
Академияның 30 жылдық мерейтойы аясында «Даму күнінде» кәсіпкер, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Олжас Сүлейменовпен кездесу өтті.
Кәсіпкер «Әлем азаматы» тақырыбында қонақ дәріс оқыды. Мотивациялық кездесуде спикер мемлекеттік қызмет, мемлекет идеология мәселелерінің қазақ әдебиетіндегі ұлы ғұлама тұлғалардың шығармаларында қалай көрініс тапқанын жеткізді. Жастардың дамуына қатысты әңгіме өрбітіп, тәжірбиесімен бөлісті.