16 қазанда Академияда саяси қызметкерлерге арналған «Жаңа формация басшысы» бағдарламасы бойынша оқыту басталды. Бағдарламаны Академия Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебімен бірлесіп жүзеге асырады.
Оқыту курсының ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Жазықбай Дархан Медеғалиұлы, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет бөлімінің меңгерушісі Тұрғаналы Руслан Мұхтарұлы, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі Сапиев Бақытжан Шаймұхаметұлы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Қуанышұлы Әбіл, Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің деканы Вэнг Тат Хуэй қатысты.
Жазықбай Дархан Медеғалиұлы өзінің құттықтау сөзінде «Жаңа формация басшысы» бағдарламасының қатысушылары, ең алдымен, халықтың өмір сүру сапасы мен жалпы әл-ауқатын жақсарту үшін бар күш-жігерін салатын басқарушылар екенін атап өтті. Сондай-ақ ол басшылардың басты міндеттерінің бірі халыққа ашық болу, қоғам сұранысына жедел жауап беру, сол арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарын ұстану маңызды екенін айтты.
Өз кезегінде ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері Тұрғаналы Руслан Мұхтарұлы мен Сәпиев Бақытжан Шаймұхаметұлы мемлекет басшысының алға қойған міндеттері бойынша саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардағы күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын атап өтіп, бұл бағдарламаны бірлесе жүзеге асырудың тұғырнамасы болуы керек екенін айтты.
«Сіздер оқыту бағдарламасы аясында тиімді қызмет көрсету және басқару үшін стратегиялық, бейімделгіш, икемді көшбасшы болуға көмектесетін білім мен дағдыларды меңгеруді мақсат етеді деп үміттенемін», – деді өз сөзінде НУ ЖМСМ деканы Вент Тат Хуэй.
Академия ректоры Ерлан Қуанышұлы бағдарлама саяси қызметкерлердің басқару дағдыларын дамытуға бағытталғанын және үш негізгі модуль – жүйелік ойлау, коммуникация және менеджменттен тұратынын атап өтті.
Тренинг нәтижелері бойынша қатысушылар мемлекеттік басқарудың негізгі бағыттары бойынша жобалар әзірлеп, бағдарламаның соңғы аптасында өз шешімдерін ұсынады.