Бүгін Академияда Парламентаризм институты, М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, «Қазақстандағы Парламентаризмді дамыту қоры» ҚҚ, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы сарапшылары мен өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Конституциясы күніне арналған сараптамалық кездесу ұйымдастырылды.
Сарапшылық кездесу мақсаты – Қазақстан Республикасында конституциялық реформаны жүзеге асырудың өзекті мәселелерін талқылау. Кездесуде келесі мәселелер талқыланды: конституциялық реформаның маңызы, парламентаризм институтының дамуы; жаңа кезеңдегі Парламенттің рөлі; мемлекеттік басқаруды реформалаудың құқықтық негіздері; «Әділетті Қазақстан» – «Адал азамат» құндылықтары, азаматтардың құқықтық санасын арттыру, Президенттің бүгінгі Жолдауы.
Алдымен, Академияның ғылыми қызмет жөніндегі вице-ректоры А.Р.Масалимова қонақтарды бүгінгі Білім күнімен құттықтап, қатысушыларға жемісті пікірталас пен нәтижелі пікір алмасу тіледі. Парламентаризм институтының атқарушы директоры Жанар Төлиндинова 2022 жылғы Конституциялық реформаның маңызы және Қазақстандағы парламентаризм институтының даму ерекшеліктері туралы сараптамалық пікірімен бөлісті.
ҚР Мемлекеттік қызметі Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Құрметті заңгер Серік Беркамалов «Зайырлылық қағидаты табысты мемлекет құрудың аса маңызды конституциялық қағидасы ретінде» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
Қоғам қайраткері, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» президенті Зәуреш Батталова азаматтардың заң шығару процесіне қатысу мәселелері, сондай-ақ Парламент пен азаматтық қоғамның өзара ықпалдасу тетіктері туралы пікірімен бөлісті.
М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің доценті, заң ғылымдарының кандидаты, Жанетта Қалишева өз баяндамасында конституциялық реформаның қоғам мен мемлекетті әрі қарай жаңғыртудағы маңызына тоқталып, сайлау құқығы мен заң шығару жұмысы туралы мәселелерді көтерді.
Жиынға қатысушылар Президенттің бүгінгі Жолдауының негізгі идеяларын талқылап, Президенттің тапсырмаларының жоғары өзектілігін атап өтті. Сарапшылар мемлекеттік дамудағы билік институттары мен азаматтық қоғамның өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз етуге бағытталған Президент реформаларының маңыздылығына баса назар аударды.