Алғаш рет Академия магистранттары ғылыми жобаларын Сенат қабырғасында қорғады. Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі білім алушыларының магистрлік жобалар қорғауы көшпелі форматта өтті. Комиссия төрайымы сенатор Бибігүл Нұрғалиқызы Жексенбай жобалар қорғауының Парламентте өтуі маңызды екенін атап өтіп, өзекті мәселелер көтерілген жобаларды депутаттар назарға алатынын жеткізді. Жобалардың талқылауға Сенаттың депутаттары мен аппарат мамандары, ғылыми-сарапшылық орта өкілдері қатысты.
Магистрлік жобалардың тақырыптары әлеуметтік, экономикалық, техникалық салаларды мемлекеттік басқару және реттеу тұрғысынан жетілдіру мәселелерін көтерді. Жобалардың бірі талқылаушылардың ерекше қызығушылығын туғызса, енді бір жобалар депутаттар тарапынан жұмыс барысында басшылыққа алатын ғылыми-сарапшылық материал ретінде де бағаланды. Сол себепті сенатор Б.Жексенбай жекелеген магистранттарды Парламентте сарапшы болуға шақырды.
Қорытынды аттестациялық комиссияның шешімімен тың ұсыныстар берілген бірнеше жоба жоғары бағаланып, тәжірибеде назарға алу үшін тиісті құзырлы органдарға жолдауға ұсынылды. Жекелеген жобаларды ерекше атап өту жөнінде шешім қабылданды.
Магистранттар да Сенат төрінде ғылыми жоба қорғаудың маңыздылығын айрықша сезінгендерін айтады. Сондай-ақ олар өндірістен қол үзбей білім алуға жағдай туғызатын модульдік білім бағдарламасының тиімді екенін, жұмыспен қатар алып жүруге ыңғайлы болғанын айтып, осындай мүмкіндіктер берген Академия ұжымына алғысын білдірді.
Магистрлік жобаларын сәтті қорғаған Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі білім алушыларын шын жүректен құттықтаймыз!
Көшпелі қорғауды жоғары деңгейде ұйымдастырған Сенат аппаратына және депутаттарына алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта да бірнеше бағыттар бойынша әріптестік орнату ниетіміз бар екендігін жеткіземіз.