Бүгін Академияның 30 жылдығы аясында «Даму күнінде» белгілі қазақстандық медиа менеджер, кәсіби журналист, Тan Media Group құрушысы Арманжан Байтасовпен кездесу өтті. Арманжан Байтасовпен «31 арна» ТРК және Қазақстанның басқа да тәуелсіз БАҚ негізін қалаушы, медиа саласындағы тәжірибе 30 жылдан астам. Қазіргі таңда портфельінде: Forbes Kazakhstan, Forbes Georgia журналдары, Arbatmedia желілік басылымы, MUZZONE телеарнасы, Business FM радиосы.
Спикер «Мемлекеттік қызметкерлердің имиджін нығайту үшін бақ-пен тиімді өзара әрекеттесу стратегиялары: дағдарыс кезіндегі коммуникацияларды басқару» тақырыбында дәріс оқыды. Кездесу барысында қазақстандық медиа менеджер БАҚ-пен тиімді байланыс орнату үшін ашықтық басты қағида, мемлекеттік қызметкерлер сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, күн тәртібін белсенді қалыптастыруы тиіс екенін айтты.
Сондай-ақ даму мен жеке бренд қалыптастыру, мемлекеттік қызметкердің имиджін арттыру мен қатар дағдарыстық байланыс тақырыптарына тоқталды.
«Әрбір мемлекеттік орган қиын жағдайда жүйелі жұмыс істеуі үшін дағдарысқа қарсы жоспар болуы тиіс. Жоспар түрлі тосыннан келген кризистік сәттерді азайтуға және қоғамның қабылдауын бақылауға көмектеседі» – деді Арманжан Байтасов.
«Бәріміз халық игілігі үшін жұмыс істейміз және біздің мақсатымыз — мемлекеттік қызмет жайлы оң түсінік қалыптастыру» – деп сөзін аяқтады кәсіби журналист.
«Даму күнінде» ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Нұрғалиева Ғазиза Құдайбергенқызмен кездесу өтті. Дәрісті «Ауылдық аумақтарды басқару» дискуссиялық алаңы негізінде Академияның Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі ұйымдастырды.
Кездесуге Академия қызметкерлері мен білім алушылары қатысты. Спикер «Ауыл кітапханасы: бүгінгі ахуалы мен дамыту жолдары» тақырыбында сөз сөйлеп, кітап оқуды насихаттау, еліміздің әдеби мұрасын сақтауға, баспагерлерге қолдау көрсету, оқырман мәдениетін қалыптастыру сынды мәселелерді көтерді.
Дәріс барысында Нұрғалиева Ғазиза ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының жұмысы және негізгі жобаларына, мақсатына тоқталып өз тәжірбиесімен бөлісті. Кітапханалардың басты даму бағыттарын 10 бөлімге бөліп, ең бастыларына тоқталды.
- ҚР Кітапхана ісін дамыту тұжырымдамасын даярлау
- «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру үшін ҚР-ның кітапхана қорын цифрландыру. «Авторлық құқық жане сабақтас құқықтар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу.
- Елдімекендердегі тұрғын саны бойынша қанша кітапхана болу керектігін нақтылайтын нормаға езгеріс енгізу.
- Кітапханашыларды даярлайтын оқу орындарының білім бағдарламасын жүйелендіру (Менеджер, IT мамандықтарын қосу).
«Мамандыққа қызығушылық азайды, маман қартайды десе болады. Кіпханашы – маңызды мамандық. Кітапханашының беделін билік пен қоғам алдында көтеру үшін бірталай жұмыстар атқарып жатырмыз», – деді Ғазиза Құдайбергенқызы.
Бүгін Адемияның 30 жылдығына арналған «Даму күні» аясында ҚР Мемлекеттік қызмет академиясының ректоры (1997-2005 жж) Серікбаев Аманқұл Серікбайұлымен кездесу өтті.
Академия қызметкерлері, білім алушыларымен кездесу барысында Аманқұл Серікбайұлы Мемлекеттік басқару академиясының құрылу тарихы туралы айтып берді.
«Тәуелсіздік алғаннан кейін жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға ауысқан кезде кадр жетіспеушілігі мәселесі туындады. Бізге жат дүниенің қыр-сырын терең, жетік білетін жаңа формация кадрларын даярлау оңай болмады» – деді Мемлекеттік қызмет академиясының ректоры.
Өз сөзінде Аманқұл Серікбайұлы Академия 30 жыл ішінде мемлекеттік қызметшілерді даярлауда маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Сондай-ақ өзінің өнегелі өмірі жайлы, тәжірбиесімен бөлісіп, Академияның 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Кездесу соңында ректор қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, батасын берді. Академия ректоры Әбіл Ерлан спикерге қызықты әрі танымдық әңгімелері үшін алғыс білдірді.