Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметшілер БАӘ-де көшбасшылық бойынша оқудан өтеді

Қазақстандық мемлекеттік қызметшілер Біріккен Араб Әмірліктерінде көшбасшылық бойынша білімін жетілдіретін болады.

13 ақпанда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Дүниежүзілік үкіметтік саммиті аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің лауазымды тұлғаларымен екіжақты кездесулер өткізді. Соның нәтижесінде мемлекеттік басқаруды трансформациялау саласындағы тәжірибе алмасу бойынша сегіз үкіметаралық бағыттың бірі «Әлеуетті арттыру және көшбасшылық» аясында алғашқы «Басқарушылардың көшбасшылық бағдарламасы» іске қосылды.
Бағдарлама бойынша оқыту биыл наурыз айынан басталады. Оқуға 30 мемлекеттік қызметші қатысады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар аталған бағыт аясында мемлекеттік қызметшілер үшін «Executive Leaders Program», «Future Leaders Program», «Youth Leaders Program» атты үш бағдарлама бойынша тегін онлайн оқыту жүргізіледі.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері кіретін екі елдің фокус-топтары толық дайындық жұмыстарын жүргізді, оның ішінде оқу бағдарламасы мен тәртібі қарастырылды. Мәселен, Академия мүдделі тараптармен бірлесіп оқытудың басым бағыттары мен тақырыптарының тізбесін әзірледі. Бұл басымдықтар мен тақырыптар әлемдік тәжірибені, БАӘ-ден ұсыныстарды және Академияда бар оқыту модульдерін ескере отырып қалыптастырылған.

Сондай-ақ бағдарламаларда ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және БАӘ-де бір апталық оқу өткізу қарастырылған.

Кездесу соңында тараптар мемлекеттік қызметшілерге арналған бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асырудағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.

 

 


Your browser does not support SVGs