Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы мен Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Адам ресурстарын басқару жөніндегі офис арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында мемлекеттік қызметшілері тәжірибе алмасу және біліктілігін арттыру мақсатында Түркияға тағылымдамаға барып келді. 5 күндік тағылымдамаға Солтүстік Қазақстан облысынан Академия филиалының директоры Лаура Советқызының жетекшілігімен 7 мемлекеттік қызметші және Павлодар облысынан 3 маман қатысты.
Тағылымдама бағдарламасына сай делегация HR Кеңсесінің қызметімен, цифрлық жүйені пайдалана отырып Түркияның адами ресурстарды басқару саласындағы тәжірибесімен танысты. Министрліктер мен ведомстволық бағынысты ұйымдарда, Анкара және Каппадокия қалаларының әкімдерімен бірқатар кездесулер өткізілді. Тағылымдама нәтижесі бойынша ортақ іс-шаралар және Мемлекеттік қызмет саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісілді.
Айта кетейік, жақында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Адами ресурстарды басқару офисінің Президенті Салим Атайдың шақыруымен Анкара қаласына іссапармен барып, нәтижесінде «Персоналды басқарудың цифрлық жүйелері туралы ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің тиісті институттары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға» қол қойылған еді.
Екіжақты кездесуде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Адам ресурстарын басқару офисі арасындағы меморандум аясында мемлекеттік қызметшілерді тағылымдамадан өткізу, магистранттар үшін HR бойынша қос дипломдық бағдарламаны енгізу және ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша бұрын жасалған келісімді іске асыру мәселелері талқыланды.