Жаңалықтар

Сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған семинар басталды

Елімізде аудан әкімдерінің сайлауын пилоттық режимде өткізуге дайындық басталып кетті. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметі хабарлады.

26 қыркүйекте Алматы облысының Балқаш ауданында сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған «Қазақстан Республикасы аудандарының, облыстық маңызы бар қалаларының әкімдерін пилоттық режимде сайлау бойынша сайлау процесінің ерекшеліктері» тақырыбында көшпелі оқыту семинарлары басталды. Аталған оқу бағдарламасын Академияның Алматы облысы бойынша филиалы Алматы облысының аумақтық сайлау комиссиясымен бірлесіп жүзеге асырады.Шараның ашылу салтанатында филиал директоры Айгерім Әбілова, сондай-ақ Алматы облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейрамгүл Айтова құттықтау сөз сөйледі.

«Семинардың мақсаты 2023 жылғы 5 қарашаға тағайындалған                     Қазақстан Республикасы аудандарының, облыстық маңызы бар қалаларының әкімдерін сайлауда сайлау заңнамасының негіздерін және оны қолдану практикасын білу есебінен кәсіби құзыреттер мен практикалық дағдылар деңгейін арттыру болып табылады. Оқу бағдарламасына сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, дауыс беру тәртібі және сайлауда дауыс беру қорытындысын шығару, сайлау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік және т. б. туралы практикалық және дәрістік сабақтар енгізілді. Сондай-ақ дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, сайлау құжаттарын ресімдеу бойынша рөлдік ойындар өткізілді», – деді Айгерім Әбілова.

Оқыту барысында дауыс беру күні сайлаушылармен жұмыста сайлау комиссиялары мүшелерінің мінез-құлқы, ықтимал жанжалды жағдайларды шешу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Аталған оқыту курстары Алматы облысының Жамбыл ауданында жалғасатын болады.


Your browser does not support SVGs