2025 жылғы 7 ақпанда «Экономист+» сараптамалық алаңында Мемлекеттік басқару академиясының сарапшылары, оқытушылары мен білім алушылары бюджет-салық саясаты (БСС) реформасын талқылады. Негізгі өзгерістердің қатарында – ҚҚС-ты 20%-ға дейін арттыру, ҚҚС бойынша есепке алу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету және арнайы салық режимдерін қысқарту бар.
Талқыланған негізгі мәселе: Бұл шаралар елдің экономикалық жағдайына және тұрақты даму мақсаттарына қаншалықты сәйкес келеді?
Үкімет ұсынған шектеуші шаралар, әдетте, экономиканың шамадан тыс қызу кезеңінде қолданылатын әдістер. Алайда, Қазақстан қазір экономикалық өсімнің баяулауымен бетпе-бет келуде. Ал реформаның басты мақсаты – бюджет кірісін ұлғайту. Егер мақсаттар мен құралдар арасында сәйкессіздік орын алса, бұл ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Негізгі қауіптер:
– Инфляцияның жеделдеуі және бағаның өсуі.
– Салық базасының қысқаруы: шамамен 300 мың шағын және орта бизнес субъектілері зардап шегуі мүмкін.
– Кәсіпкерлердің банкротқа ұшырауы салдарынан жұмыссыздықтың өсуі.
– Көлеңкелі экономиканың ұлғаюы.
Реформа нақты экономикалық жағдайларды, қолданыстағы жүйенің тиімділігін және ықтимал қауіптерді ескеруді талап етеді. Мақсаттар мен құралдардың өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету маңызды, әйтпесе бұл қымбат әлеуметтік-экономикалық қателікке әкелуі мүмкін.
Бюджет кірісін арттырудың жолдары:
– Мемлекеттік шығындарды оңтайландыру және активтерді тиімді басқару.
– Көлеңкелі импортпен күрес.
– Капиталға амнистия жасау.
– Салалар бойынша салық жүктемесінің теңгерімділігін қамтамасыз ету.
Сарапшылар атап өткендей, реформа салық ауыртпалығын әділ бөлуді, оның әлеуметтік салдарын және мақсаттар мен құралдардың сәйкестігін ескеруі тиіс. Қазақстанға экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін ойластырылған, теңгерімді салық саясаты қажет.