Жаңалықтар

ЭЫДҰ сарапшысымен кездесу

Ағымдағы жылдың  22 сәуірінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері ЭЫДҰ сарапшысы О.Гуспен «Integrity review» парасаттылық мәселелері бойынша ЭЫДҰ-ның қорытынды сараптамасын дайындау шеңберінде сұхбатқа қатысты.

Кездесуге Академияның комплаенс-офицері Азамат Нұрлан, кәсіби даму институтының директоры Зухра Қарамалаева, дебюрократизация, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат және этика секторының меңгерушісі Дияс Пардабеков, қолданбалы зерттеулер институты директорының м. а. Шарафат Шаяхметова қатысты.

Сұхбат барысында мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің этикалық нормалар мен стандарттарды сақтауының практикалық аспектілері мен құқықтық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері, мемлекеттік қызметтегі мүдделер қақтығысын шешу тетіктері, Қазақстанның мемлекеттік органдарында меритократия қағидатын іске асыру мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, мемлекеттік басқару жүйесін реформалауды ғылыми-әдістемелік және талдамалық сүйемелдеу, оқыту бағдарламаларының мазмұны және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық, парасаттылық және этикалық мәдениетті дамыту стандарттарын сақтау бойынша Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тиімділігі мәселелері қозғалды.

Мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілдердің, Мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың және оның өңірлік департаменттерінің қызметін реттеуге қатысты мемлекеттік қызмет жүйесіндегі реформалардың іске асырылу барысы, Мемлекет басшысының Президенттік жастар кадр резервін және өңірлік кадр резервін қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру, мемлекеттік сектор қызметкерлерінің кірістерін декларациялау, мемлекеттік аппаратты бюрократизациялау мәселелері сарапшының ерекше қызығушылығын тудырды.


Your browser does not support SVGs