Жаңалықтар

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған сараптамалық кездесу өтті

25 ақпан күні ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Қазақстандағы мәдени әралуандылық: ерекшеліктер, перспективалар, мемлекеттік басқару» атты сараптамалық кездесу өтті. Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылып, елдегі этносаралық қатынастар мен мәдени әртүрлілік мәселелерін талқылауға арналды.
Кездесу барысында қатысушылар ҚХА-ның қазақстандық қоғамды біріктірудегі рөлі мен «әртүрліліктегі бірлік» қағидатын нығайтудағы маңыздылығына тоқталды. Академияның ғылыми қызмет жөніндегі вице-ректоры Әлия Масалимова өз сөзінде ҚХА-ның ішкі тұрақтылықты сақтауда, азаматтардың құқықтарын қорғауда және мемлекеттік саясатты іске асыруда маңызды орын алатынын атап өтті.
Шақырылған сарапшылар этносаясат, ұлттар арасындағы қатынастар және мемлекеттік басқару саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директорының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесінің төрағасы Айгүл Кәкімбекқызы Садвокасова Қазақстандағы бірлік пен келісімді қамтамасыз ету саясаты жөнінде баяндама жасады. Назарбаев Университетінің Әлеуметтану және антропология департаментінің қауымдастырылған профессоры Алима Жұмабайқызы Бисенова өз сөзінде еліміздегі өзгермелі лингвистикалық және мәдени иерархияларға шолу жасады. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтану кафедрасының оқытушы-зерттеушісі, PhD, доцент Нұрлан Оралбайұлы Байғабылов шетелдегі қазақ диаспораларының әлеуметтік трансформациясы туралы баяндама жасады. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының ксенофобия мәселелерін зерттеу орталығының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Дінмухаммед Әзімбайұлы Ғали этникалық экономика мәселелерін талқылап, негізгі трендтерге тоқталды. Швейцариядағы Цюрих университетінің докторанты, зерттеуші әрі ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің Жас ғалымдар клубының мүшесі Алия Болатхан Қазақстандағы этникалық топтардың тамақтану мәдениеті жөніндегі зерттеу нәтижелерін таныстырды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтану кафедрасының м.а. доценті, PhD Эльмира Сәкенқызы Отар Қазақстандық әйелдердің этникалық қауымдастықтардағы рөлі мен орны мәселелерін ашып көрсетті. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің Жас ғалымдар клубының мүшесі Жанар Абдуакановна Накипбаева Қазақстандағы төзімділік пен интермәдени орта жөніндегі далалық зерттеулер нәтижелерін ұсынды.
Сарапшылардың баяндамалары қызу пікірталас тудырып, тыңдаушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Бұл сараптамалық кездесу Қазақстандағы мәдени әртүрлілікті дамыту, этносаралық қарым-қатынасты нығайту және мемлекеттік басқарудағы жаңа тәсілдерді талқылау үшін маңызды алаңға айналды.


Your browser does not support SVGs