Жаңалықтар

Қытай және Орта Азия мемлекеттік басқару академияларының желісі құрылады

Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мақсатында Қытай және Орта Азия басқару академияларының желісін құру жөнінде келісімге қол қойылды. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметі хабарлады. 

Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжіңде «Өркениетаралық байланыс және жаһандық даму» тақырыбындағы форум өтіп жатыр. Шараға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының академиялық қызмет жөніндегі вице-ректоры Маргарита Қадырова, Академияның Қарағанды облысы филиалының директоры Серікжан Байбосынов, Ақтөбе облысы филиалының директоры Саида Сәдуақасова қатысуда. Сонымен қатар форумға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басқармасының басшысы Жұлдыз Байжомартова қатысып жатыр. Форумның ашылу салтанатында Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов баяндама жасады.

Қытай және Орта Азия басқару академияларының желісі Қытай ұлттық басқару академиясының бастамасымен құрылды. Бұл маңызды шешім Сианьда 2023 жылы мамыр айында Қытай мен Орталық Азияның 5 республикасының басын қосқан Қытай-Орталық Азия саммитінің нәтижесінде қабылданды. Сонымен қатар желінің құрылтайшыларының қатарында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы, Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы, Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы, Түрікменстан Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет Академиясы және Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы бар.

Академия вице-ректоры Маргарита Қадырова форумда сөз сөйлеп, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру саласындағы Қазақстан мен Қытай байланысы туралы баяндама жасады.

«Өркениетаралық байланыс және жаһандық даму форумында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Қытайдың Ұлттық Басқару Академиясы арасындағы серіктестік туралы, болашақта қолға алынатын ортақ жобаларымыз бен білім бағдарламаларымыз жайлы баяндама жасадым. Сондай-ақ форум аясында көшбасшылықты дамыту және жаңғырту бағытында Қытай және Орта Азия диалогы жүргізілді. Ең басты жаңалық – бүгінгі келіссөздер нәтижесінде  мемлекеттік басқару саласын дамыту мақсатында Қытай және Орта Азия басқару академияларының желісін құру жөнінде келісімге қол қойылды. Аталған келісім мемлекеттік қызметшілерді оқыту, Академиямен ортақ зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу, тренингтер өткізу, жалпы мемлекетті басқару  бағытындағы жобаларды өзара сенім мен сыйластық, ашықтық қағидаттарына сүйене отырып жүзеге асыруға бағытталған», – деді Маргарита Бөлегенқызы.

Қытайда Басқару академиясы мен Жоғары партия мектебі біріктірілген. Академия ректоры Үкімет басшысының орынбасары болып табылды. Академия Қытай елінің идеялогиясын қалыптастыру мен айқындауда басты қызмет атқарады. 20 млн жуық мемлекеттік және партия қызметкерлері мен ірі мемлекеттік кәсіпорындар қызметкерлерінің біліктілігін арттыру – осы жоғары оқу орнының тікелей міндеті.


Your browser does not support SVGs