2018 жылдың 19 қыркүйегінде Жамбыл облысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалында бірегей білім беру жобасы – «Жамбыл облысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту контекстінде оқытуға тәсілдерді трансформациялау» семинарына старт берілді.
Үш күн ішінде Жамбыл облысының аудандық маңызы бар қалалары, кенттері, ауыл округтерінің әкімдері мемлекеттік процестердің қазіргі заманғы трендтері, соның ішінде жобалық менеджмент негіздері, жергілікті бюджетті қалыптастыру және коммуналдық меншікті басқару ерекшеліктері, стратегиялық менеджмент және көшбасшылық мәселелері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша білім алады.
Білім беру жобасы Жамбыл облысының әкімдігі және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесе жүзеге асырылады.
Семинардың ашылуы Тараз қаласында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың қатысуымен өткен «Кәсібилендіру мемлекеттік қызметті дамытудың негізі факторы ретінде: өңірлік мәнмәтін» атты өңірлік семинар-жиын аясында болып өтті.
Сондай-ақ, Алик Шпекбаевтың Жамбыл облысына сапары барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының жаңа ғимаратының салтанатты ашылуы өтті.
Академияның филиалы Тараз қаласында елімізде Мемлекеттік қызметшілерді оқытудың бірыңғай жүйесін құру шеңберінде ашылды және өңірдегі мемлекеттік қызметшілерді кәсіби дамыту орталығына айналмақ.
Орташа алғанда, филиалдың базасында жыл сайын облыстың мемлекеттік органдарының 1200-ден астам қызметкері қайта даярлау мен біліктілікті арттырудан өтетін болады. Сонымен қатар, Академияның филиалы мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті қолдану мәселелері бойынша консультациялық қызметтер көрсетеді. Бұл үшін қажетті инфрақұрылым мен профессор-оқытушылар әлеуеті бар.
Алда Жамбыл облысының практиктерін қатыстырумен филиал трансформациялық көшбасшылық, стратегиялық және жобалық менеджмент, өзгерістерді басқару, ауқымды деректерді талдау мәселелері бойынша мемлекеттік қызметшілерді оқытудың тәжірибеге бағдарланған бағдарламаларын әзірлеп, іске асыратын болады.