Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Президент Әкімшілігі өкілдерінің
орталық мемлекеттік органдардың жауапты xатшыларының, облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің аппарат басшыларының қатысуымен «Өзгермелі әлем жағдайындағы трансформациялық көшбасшылық» атты семинар-тренинг болып өтті.
Семинар-тренингтің ашылуында Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә. Исекешев мотивациялық дәріс оқып, оның барысында Елбасы Н. Назарбаев xалыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мен сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат құру аясында барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру міндетін қойғандығын атап өтті.
Президент Әкімшілігінің Басшысы сөз сөйлеу барысында нақты мақсатты тұжырымдау, реформалар барысын бағалаудың жаңа жүйесін енгізу, мемлекеттік басқаруда жобалық тәсілді енгізе отырып, стратегиялық жоспарлаудан стратегиялық менеджментке көшудің маңыздылығын атап, қажетті өзгерістерге өз көзқарасын білдірді.
Сондай-ақ іс-шара шеңберінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Н. Годунова, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары А. Шайымова, Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ф. Жақыпова, Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб Басқарушы комитетінің төрағасы А. Байменов, сонымен қатар Korn Ferry Hay Group (АҚШ) директоры Т. Ларионов, Meinhardt Group компаниясының (Сингапур) қауымдастырылған директоры Кевин Чонг сөз сөйледі.
Одан бөлек, «Зерде» АҚ төрағасының орынбасары Ж. Жахметова «Цифрландыру мемлекеттік органның қызметін қалай өзгерте алады?» тақырыбында сөз сөйлеп, мемлекеттік органдардың қызметінде қолданылатын қазіргі заманғы технолгиялар туралы айтты. Сонымен бірге, аталған тренинг аясында ақпараттық технологиялар компанияларының IT шешімдеріне презентация жасалды.
Семинардың екінші күні тренинг қатысушылары Scrum және Agile басқарудың қазіргі заманғы әдістері, ұйымдық даму, азаматтармен өзара іс-қимыл бойынша интерактивті талқылаулар өткізіп, мемлекеттік басқаруды трансформациялау жөнінде ұсыныс жобаларын әзірледі.