«Пандемия жағдайында мемлекеттік басқару Академиясына оқуға түсу: сын-тегеуріндер мен жаңа мүмкіндіктер»
2020 жылғы 17 шілдеде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының ректоры Ерлан Әбілдің қатысуымен «Пандемия жағдайында мемлекеттік басқару академиясына түсу: сын-тегеуріндер мен жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында онлайн-баспасөз конференциясы өтті. Журналистердің қатысуымен өткен баспасөз конференциясы алғаш рет онлайн-режимде ZOOM платформасында тікелей көрсетілім арқылы мемлекеттік басқару Академиясының әлеуметтік желідегі Facebook парақшасында жүргізілді.
Академия ректоры құжаттарды қабылдау қорытындысы, карантин жағдайында қабылдау комиссиясының онлайн режимдегі жұмысындағы қиындықтар, конкурстық іріктеу кезінде Академия базасында әзірленген жаңа онлайн-платформалар мен заманауи цифрлық жобалар туралы айтып берді.
Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясына түсу үшін құжаттарды қабылдау 1 қаңтардан 10 шілдеге дейін жүзеге асырылды, яғни, үміткерлерге құжаттарды тапсыру үшін берілген уақыт – 28 апта. Бұл жыл білім беру жүйесі үшін, оқу үдерісін ұйымдастыруда, оқуға құжаттарды қабылдауда үлкен сын-тегеуріндерге толы болды және бірқатар қиындықтарымен ерекшеленді.
Бірінші кезеңнің қорытындысы «ҚҰЖАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАУ» бойынша 430 үміткер тіркеуді аяқтап, құжаттарын толық көлемде тапсырды. Оның ішінде 414 адам құжаттарын Академияның онлайн платформасы арқылы өткізді. Сонымен қатар жалпы тіркелгендердің саны 744 адамды құраса, оның ішінде толық тіркеуден өтпей қалғандардың саны 330 адам, 15 адам құжаттарды қолма – қол, 1 адам – электрондық үкімет порталы арқылы тапсырды.
Салыстырып көрсек: 2019 жылы 336 адам құжат тапсырды, оның ішінде – 152 адам қолма-қол; Академияның веб – сайты арқылы – 184; Электрондық үкімет порталы арқылы – 0, ал 2018 жылы құжаттарды 363 адам тапсырды, оның ішінде – 226 қолма – қол; Академияның веб – сайты арқылы-137; портал арқылы-1.
Жергілікті атқарушы органдардың оқуға түсуге жоғары қызығушылық танытқанын атап өткен жөн – 285 үміткер, орталық мемлекеттік органдар арасынан – 145 үміткер.
Биылғы жылы үміткерлердің ең көп саны Алматы қаласынан-50 және Алматы облысынан-43, Солтүстік Қазақстан облысынан-34 және Маңғыстау облысынан-33 адам тапсырды.
Статистика көрсеткендей, Академияға түсуге ниет білдірушілер санының өсуі (өткен жылмен салыстырғанда 22% – ға) артты және үміткерлер үшін құжаттарды онлайн-режимде тапсыру тиімді екендігін байқауға болады.
Айта кету керек, Қазақстандық мемлекеттік қызметшілермен қатар мемлекеттік басқару Академиясына шетелдік мемлекеттік қызметшілер де түсе алады. Мәселен, Астана Мемлекеттік қызмет хабы мен БҰҰ Даму Бағдарламасы бірлесіп Хабқа қатысушы елдердің мемлекеттік қызметкерлері үшін 11 білім грантын және Орта Азия елдерінің мемлекеттік қызметкерлері үшін Ханнс Зайдель қоры 26 білім грантын ұсынды. Биыл Ауғанстан, Бенин, Мальдив, Палестина, Тәжікстан елдерінен үміткерлердің өсімі байқалады.
Биылғы жылы магистратурадағы білім бағдарламаларына 120 грант, ал докторантураға 12 грант бөлінді.
«Менің ойымша, Академияда оқуға деген қызығушылықтың артуы келесі факторлармен байланысты. Біріншіден, әлемдік трендтер Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесін кәсібилендіруді және реформалауды талап етеді. Екіншіден, елдегі мемлекеттік қызметте орын алып жатқан үрдістер – мемлекеттік қызметшілерден біліктілікті тұрақты негізде арттыру арқылы неғұрлым бәсекеге қабілетті болуын талап етеді. Үшіншіден, Академияның беделін көтеру. Бүгінгі таңда Академия тиімді көшбасшылық пен кәсіби басқарушылардың жаңа формациясын даярлайтын, қайта даярлау мен біліктілікті арттыруды жүзеге асыратын ерекше мәртебесі бар жоғары орны»,-деп атап өтті Ерлан Әбіл.
Сондай-ақ, биылғы жылы карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты және үміткерлердің денсаулығына қауіп төндірмеу мақсатында Академия үміткерлер үшін тиімді жағдай жасап, құжаттарды тапсыру кезінде қосымша цифрлық мүмкіндіктер ұсынғанын атап өткен жөн. Осылайша, ағымдағы жылдың наурыз айында құжаттарды қабылдау процесі толық онлайн режимге ауыстырылды. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару Академиясының үміткерлері Қазақстанда алғашқылардың бірі болып магистратура мен докторантураға түсу үшін IELTS, TOEFL, APTIS орнына Duolingo ағылшын тілінен онлайн тестілеуден өтуге мүмкіндік алды және 086-У нысанындағы медициналық анықтамасын өткізу 2020 жылдың 1 тамызына дейін ұзартылды. Аталған факторлар оқуға түсуші үміткерлер санының артуына үлкен ықпалын тигізді.
Сонымен қатар, биыл алғаш рет өндірістен қол үзбей оқуға мүмкіндік беретін «Өңірлік көшбасшылық», «Өңірлік даму» және «Мемлекеттік менеджмент» атты жаңа магистрлік оқу бағдарламалары іске қосылды, яғни, енді мемлекеттік қызметкерлер үшін қашықтан оқу мүмкіндігі пайда болды.
Барлық конкурстық іріктеуді онлайн режимде өткізу үшін АКАДЕМИЯ ОНЛАЙН ІРІКТЕУДІҢ БАЛАМА ҮЛГІСІН – APA.TALANTIZ.KZ. ПЛАТФОРМАСЫН ӘЗІРЛЕДІ.
«Мұндай платформаны құру үшін біз Президенттік жастар кадрлық резервін іріктеу кезіндегі тәжірибемізді қолдандық. Әзірленген платформа жеке кабинет құра отырып, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау үшін тестілеуден өтуге және ситуациялық кейс негізінде онлайн режимде сұхбаттасуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Академия ректоры.
Бұл ретте Академия іріктеудің автоматтандырылған процестерінің көмегімен әділдік пен ашықтық қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етеді. Осылайша, үміткердің барлық жазбаша жұмыстарын кездейсоқ тәртіпте кодталған сілтемелер арқылы ішкі және сыртқы сарапшылар бағалайды. Үміткердің бір жұмысын кем дегенде 2 сарапшы бағалайды.
Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы – IELTS форматында қазақ тілінен тест тапсыру.
«Біз әзірлеген тест мемлекеттік қызметке орналасу кезінде қолданылатын қазіргі Kaztest тестінің балама үлгісі. Менің ойымша, мемлекеттік басқару жүйесіне қазақ тілін дамыту бойынша жүйелі тәсіл енгізу қажет. Яғни, мемлекеттік қызметке орналасу кезінде мемлекеттік тілді білудің жалпы деңгейін анықтаудан бастап, үміткердің аналитикалық дағдыларына сүйену керек. Ол үшін мамандандырылған тестілеуде үміткерлерді іріктеуді қайта қарау қажет деп ойлаймын. Академия мемлекеттік тілді дамытуда мемлекеттік қызметшілер үшін жағдай жасауға толық мүмкіндігі бар екендігін атап өткім келеді. Академияның негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызметшілерді даярлау кезінде пәндерді мемлекеттік тілде оқыту көлемін 50% – ға дейін арттыру«, – деп атап өтті Ерлан Қуанышұлы.
Ағымдағы жылдың мамыр айында Академия Қазақстан Республикасының Білім беру мекемелерінің мемлекеттік тілді оқыту барысына сүйене отырып, мемлекеттік қызметшілер үшін деңгей бойынша оқыту тұжырымдамасын әзірледі. Тұжырымдама әлемдік тәжірибелерді ескере отырып әзірленген және тыңдау, көпшілік алдында сөйлеу, ресми оқу, ресми жазу және IELTS сынды халықаралық тестілеу орталықтарының орфографиялық нормаларын қамтиды. Осы тұжырымдама шеңберінде деңгей бойынша тесттер әзірленді: базалық деңгей (В1, В2) және еркін деңгей (С, С2). Аталған тесттерді ағымдағы жылы Академияның білім беру бағдарламаларына іріктеу жүргізу кезінде пайдалану жоспарлануда.
20 шілдеден 31 шілдеге дейін соңғы кезең – әңгімелесу өткізіледі, оны онлайн-платформада кемінде бес комиссия мүшесі бағалайды және сұхбаттың барлық процесі аудио және бейне-тіркеудің көмегімен сүйемелденетін болады.