Жаңалықтар

300-ДЕН АСТАМ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНДА ОНЛАЙН-ОҚУДАН ӨТТІ

Карантин көптеген сала адамдарының өмір сүру тәртібіне, жұмыс істеу процесіне және бүкіл әлемдегі  оқу жүйесіне елеулі өзгерістер енгізді. Төтенше жағдай режимінің жариялануына және карантиннің енгізілуіне байланысты көптеген ұйымдар мен кәсіпорындар, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы да жаңа қашықтан жұмыс істеу режиміне өтіп, онлайн-оқыту режиміне көшті.

Мемлекеттік басқару Академиясының кәсіби дамыту институтының директоры Маргарита Қадырова карантиндік режим қоғамды тек төзімділік пен шыдамдылыққа үйретіп қана қоймай,  Академия қызметкерлеріне карантин кезеңінде атқарылған тиімді жұмыстардың нәтижелерін көрсетуге үлкен мүмкіндік бергенін атап өтті.

20 сәуірден бастап кәсіби даму институтының басшылығы қысқа мерзімді оқыту жүйесінде онлайн оқытуды іске қосты. Арнайы онлайн оқыту үшін мемлекеттік органдардың кадр бөлімінің қызметкерлері, тыңдаушылары, сондай-ақ оқытушылар үшін бейнеинструкциялар дайындалды. Оқыту форматын тиімді түрде түсіндіру бойынша мемлекеттік органдардың кадрлық қызметтерімен үлкен жұмыс жүргізілді. Онлайн оқыту – бұл қысқа мерзімді бағдарламаларды нақты уақыт режимінде іске асыру. Мәселен, егер семинардың ұзақтығы орта есеппен 8 академиялық сағатты құраса, тыңдаушы барлық 8 сағат бойы жүйеде болуы, тапсырмаларды орындауы, оқытушымен интерактивті форматта жұмыс істеуі, тренингтерге қатысуы, кейстерді т.б. шешуі тиіс.

Бір ай бойы мемлекеттік басқару Академиясы филиалдарымен бірлесіп мемлекеттік органдардың кадр бөлімінің қызметкерлері үшін түрлі оқыту плафтормалары арқылы бірнеше пилоттық онлайн-семинарлар өткізді. (Moodle, MS Teams, Zoom). Академияның 13 филиалында 20-24 сәуір аралығында онлайн форматта «Дизайн-ойлау», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент және комплаенс», «Инклюзивті қоғам», «Ерекше қажеттіліктері бар адамдармен өзара іс-қимыл», «Талант-менеджмент. Мемлекеттік қызмет жүйесінде адами капиталды басқару жүйесін дамыту құралдары» және «Мемлекеттік қызмет жүйесінде адами капиталды басқару жүйесін дамыту құралдары » тақырыптарында онлайн семинарлар, қайта даярлау курстары өткізілді. Жүргізілген қорытынды нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының өңірлік аймақатарынан 311 мемлекеттік қызметші оқудан өтті.

Онлайн оқытудың арқасында қатысушылар сарапшылармен, сондай-ақ басқа мемлекеттік органдардағы әріптестерімен онлайн режимде тілдесу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, тренингті сәтті аяқтаған тыңдаушылар үшін Академия  керемет жағдай жасады, яғни, оқу аяқталған соң, қатысушы 2 апта көлемінде қосымша консультация алуына, кері байланыс орнатуына мүмкіндік алды.  Оқу аяқталғаннан кейін жүргізілген кері байланыс пен сауалнама нәтижесі бойынша қатысушылардың онлайн оқытудағы оқу сапасына қанағаттануы 96,4% құрады.

Айта кету керек, магистранттар мен докторанттар LMS Canvas, ИС Platonus және Microsoft Teams сияқты өздеріне үйреншікті платформаларда онлайн-оқытудан өтіп, білім алуды жалғастыру үстінде. Сондай-ақ, карантин кезінде мемлекеттік басқару Академиясында алғаш рет докторлық диссертацияны онлайн түрде қорғау өткізілді.

2020 жылдан бастап Академияда құжаттарды онлайн-режимде қабылдау – оқу процесін автоматтандыруға арналған «Платонус ААЖ» арқылы жүргізіледі.Оқуға тапсырушылардың тіркеуден онлайн түрде өтуі және оқуға түсу емтихандарының платонус жүйесі арқылы іске асырылуы – үміткерлердің өтініштерін қабылдау процестерін автоматтандыруға бағытталған.

Бұл модуль Академияға қабылдаудың барлық кезеңдерін қамтиды: өтініш қалдыру үшін жүргізілетін дербес онлайн тіркеуден бастап, оқуға түскен үміткерлер тізімін анықтауға дейін. Сондай-ақ, модуль функциясы тіркелу кезіндегі қажетті құжаттарды бекітуге мүмкіндік берсе, қабылдау комиссиясының қызметкерлері үшін берілген өтініштерді өңдеуге мүмкіндік береді.

Білім алушылардың барлық жазбаша жұмыстары «Turnitin» жүйесі арқылы плагиаттан тексеруден өтеді. Сарапшылар мен оқытушылардың үміткерлерді онлайн бағалауға мүмкіндігі бар және бағалаудың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында, үміткерлердің жазған еңбектері иесіздендіріліп отырады.

Сонымен қатар, мемлекеттік басқару Академиясы карантин кезеңінде INSTAGRAM әлеуметтік желісіндегі парақшасында 30-ға жуық тікелей эфир өткізді. Бұл желі пайдаланушылары үшін карантин уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге үлкен мүмкіндік болды. Академия коучтары мен бизнес-тренерлері «Табысты келіссөздер құпиялары», «Команданы онлайн режимде басқару», «Карантиндегі Тайм-менеджмент», «Дизайн-ойлау», «өзгермелі VUCA  әлеміндегі көшбасшылық» және т. б. Тақырыптарында онлайн форматта мастер-класстар мен тренингтер өткізді.


Your browser does not support SVGs