Академияда әр жұма сайын Development Day шеңберінде «An hour with the Ambassador» атты Елшілермен кездесу өткізіледі. Аталған іс-шараға алғашқы қонақ ретінде Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының Төтенше және Уәкілетті Елшісі Ку Хонг-сок мырза қатысты.
Кездесудің бірінші бөлігінде Елші Академия ректоры Ерлан Қуанышұлы Әбілмен кездесіп, мемлекеттік қызметкерлерді даярлау, білім беру салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, Корея тарапымен жасалған меморандумдар мен келісімдерді қайта жаңғырту қажеттілігіне назар аударылды.
Кездесудің жалғасы ретінде Корея Елшісі академияда білім алушыларға арнап еркін форматта қонақ дәріс өткізді. Кездесуге академиялық істер жөніндегі вице-ректор Бауыржан Нұрланұлы Бокаев және «Халықаралық қатынастар» мамандығының магистранттары мен докторанттары қатысты. Дәріс барысында Ку Хонг-сок мырза дипломат ретінде өз тәжірибесімен және конструктивті идеяларымен бөлісіп, Корея мен Қазақстанның даму жолындағы ұқсастықтар мен ерекшеліктерге тоқталып өтті. Сондай-ақ Елші әрбір білім алушымен жеке танысып, сұрақтарына жауап берді.