Ағымдағы жылдың 14-15 ақпанында Мемлекеттік басқару академиясы кітапханасының қызметкерлері «Жоғары білім беруді жаңғырту аясында ЖОО кітапханаларын трансформациялау» атты ІІІ халықаралық конференцияға қатысты.
Конференция ҚР ЖОО кітапханалары қауымдастығының қолдауымен Нархоз (Алматы қ.) университетінің базасында өтті. Конференция барысында ЖОО-лардың білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін кітапханалық және ақпараттық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері қарастырылды. «ЖОО кітапханаларының жаңа модельдері және оларды трансформациялау жолдары» сессиясының шеңберінде Томск мемлекеттік университеті Ғылыми кітапханасының тәжірибесі туралы онлайн-көрсетілім болды. «Білім, ғылым мен мәдениетті қолдауға арналған жетекші шетелдік компаниялардың электрондық ресурстары» сессиясында «EBSCO», «GOBI», ООО «ИВИС», «ZNANIUM.COM», «GREBENNIKON, «ProQuest», «IPR BOOKS» және тағы басқалары сынды жақын және алыс шетелдің ақпараттық қызметтер нарығындағы беделді компаниялары презентацияларымен баяндама жасады. Екінші күн НҚА өзгерістері мен лицензиялау барысындағы біліктілік талаптарының өзекті мәселелері, сондай-ақ білім беру ұйымдары қызметінің сапасын бағалаудағы халықаралық және ұлттық тәсілдер талқыланған «Кітапхана қызметінде сапаны қамтамасыз ету: лицензиялаудан аккредиттеуге дейін» атты семинарға арналды.
Кітапханалық форум кәсіби ынтымақтастық және ЖОО кітапханалары қызметінің мәселелерін бірлесе отырып, шешу алаңына айналды.
Бүгінде Мемлекеттік басқару академиясының кітапханасы жалпы алғанда, 40 мың данадан астам кітабы бар оқу және ғылыми әдебиеттер қорына ие. Оның ішінде, Академияның профессор-оқытушылар құрамының еңбектері, ағылшын, неміс, испан, француз және басқа да тілдердегі 4 мыңға жуық шетелдік кітаптар бар.