Жаңалықтар

Идеялар фабрикасы аясындағы «Парасаттылық мектебі» республикалық жобасының қорытындысы

Сыбайлас жемқорлық әрбір мемлекеттегі ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру маңызды рөл атқарады. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының барлық филиалдарында
2019 жылғы 10 – 14 маусым аралығында жоғары оқу орындарының студенттері үшін алғаш рет Парасаттылық жазғы мектептері жұмыс жасады. Конкурстық негізде Парасаттылық мектебінде білім алу үшін республика бойынша 300-ге жуық студент іріктелді.

«Парасаттылық мектебі» Мемлекеттік басқару академиясы мен МҚІА алаңында апта сайын өтетін «Идеялар фабрикасы» брейнстормингінің ең жарқын және ауқымды жобаларының бірі болып табылады. Мектеп жобасын ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерделеу жөніндегі зерттеу орталығының қызметкерлері ұсынды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Парасаттылық мектебі – бұл қарқынды, шығармашылық атмосфераның, ұжымдық және жеке оқыту нысандарының, эмоциялық тұрғыдан еркін және қатысушылар арасындағы үздіксіз өзара әрекеттестіктің үйлесімі болып табылады.

Парасаттылық мектебінің негізгі мақсаты — жастар ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың үлгісін қалыптастыру және жаңа формациядағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстың жас өкілдерін дайындау.

Жазғы мектепте сабақтар тренингтер, интерактивті пікірталастар, ой-талқысы, кейстерді талдау, танысу сапарлары және командалық жобаларды дайындау форматында өтті.

«Парасаттылық мектебінің» қатысушылары сыбайлас жемқорлық феномені және онымен байланысты ұғымдар туралы білім алды, алған білімдерін тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен командалық жобаларды әзірлеу кезінде қолданды, өздерінің шығармашылық және сыни құзыреттерін дамытуға мүмкіндік алды.

Студенттердің командалық жобалармен жұмыс істеуінің маңызды қорытындысы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар жасау болды. Бұдан бөлек, студенттер жобалық басқару негізінде жоспарлауды, мақсаттарды дұрыс қоюды, бағдарламаны құрылымдауды үйренгенін және болашақта барлық алған білімдері мен дағдыларын қоғам игілігі үшін пайдаланып, достарымен бөлісетіндігін атап өтті.

Мысалы, Ақтөбе облысында мектеп қатысушылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта нақты тәжірибелік кейстер енгізілген білім беру ұтқыр ойынын құру бойынша жобаны әзірледі. Сондай-ақ, қатысушылар «Сыбайлас жемқорлық картасы», «Адалдық сағаты», «Цифрлық емтихан» жобаларын ұсынды. Атырау облысында студенттер мектептерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие бойынша факультатив енгізуді ұсынды. Ал Павлодар облысында «Ertіs – adaldyq alańy» жобалық кеңсесін аралау кезінде «Open Pavlodar» фронт-кеңсесінің жұмысымен танысып, Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеевпен кездесті. Студенттер өңір жастарының өміріне белсенді қатысуы және өздерінің әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру мүмкіндіктері жайында өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Өз кезегінде әкім қатысушыларға мемлекеттік қызметке қалай келгендігін айтып, әкімдікке жұмысқа шақырды, ал Парасаттылық мектебі қатысушыларының бірі Рахым Асылханға Павлодарда Жас кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашуға көмек көрсетуді ұсынды.

Бес күндік оқыту аяқталғаннан кейін қатысушылар Парасаттылық мектептерін одан әрі дамыту жөнінде: Мектепті жыл сайын өткізу, оқу мерзімін ұзарту, оқу кезеңінде парасаттылық бойынша студенттер арасында факультативтік оқытуды енгізу мүмкіндігін қарастыру, колледж студенттерін оқытуға тарту сынды көптеген қызықты ұсыныстарын айтты.  

 Анеля Қожахметова – Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 1-курс студенті – Жемқорлық дегеніміз аш көздік деп білемін. Жемқорлық ежелден келе жатқан дүние оны қазіргі таңда өзгертуге өзіміздің үлесімізді қосу керек деп білемін. Жемқорлық жақсы қасиет емес. Адам өз бойындағы жаман қасиеттерді (соның ішінде ашкөздікті) жеңе білу керек. Жемқорлықты жеңу үшін барына шүкіршілік етіп жоққа тәубе барына қанағат ете білу керек. Бүгінгі өтіп жатқан семинарға ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару  академиясына алғысымды білдіремін. Атырау облысы бойынша филиалында семинар өте жақсы деңгейде ұйымдастырылған.


Your browser does not support SVGs