Жаңалықтар

«Cыбайлас жемқорлыққа қарсы ынтымақтастық»

Ағымдағы жылдың 2 қазанында Нұр-Сұлтанда Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияның қатысушылары ассамблеясының VIII-сессиясы басталды, іс-шара 5 қазан аралығында өтетін болады. Ассамблея отырысының шеңберінде Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академия және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы бірлесіп Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін «Орталық Азия мен Ауғанстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ынтымақтастық» тақырыбында семинар-тренинг өткізді.
Семинарды Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияның өкілі Х. Парвез ашты, ол «Орталық Азия мен Ауғанстандағы сыбайлас жемқорлықтың қазіргі заманғы үрдістері мен сын-қатерлері» тақырыбы төңірегінде семинарға қатысушылармен талқылау ұйымдастырды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О. Бектенов сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жаңа мемлекеттік шаралар туралы айтып өтті. Қоғамдық бақылаудың интерактивті картасының әзірлеушісі Д. Салипов сыбайлас жемқорлықпен қарсы күресте цифрлық технологияларды енгізу туралы жобаны таныстырды. Республикалық арнайы мониторинг тобының жетекшісі А. Соловьева жемқорлыққа қарсы әрекет етудің бағыттарын көрсетті, онда еліміздің азаматтық қоғамын қатыстыру көзделген. Семинар барысында мемлекеттік сатып алу тақырыбы да қозғалып, ол туралы Р. Ошақбаев айтып берді.

Біз еліміздің мамандандырылған жоғары оқу орындарының барлық өкілдеріне, Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінен атаулы семинарға келген әріптестерімізге ризашылық білдіреміз. Семинар қонақтардың едәуір қызығушылық танытулары арқасында ойдағыдай өтті. Семинарға қатысушылар Орталық Азия мен Ауғанстан елдеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясындағы өңірлік ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара тәжірибе алмасуды жалғастыратын болады. Сондай-ақ, Академияның барлық қызметкерлеріне осы семинардың сәтті өтуіне атсалысқандары үшін үлкен алғысымызды білдіреміз. СЖҚІҚМЗЗО қызметкерлері біздің орталыққа осындай маңызды іс-шараны ұйымдастыруды сеніп тапсырғаны үшін дән риза.

Сонымен бірге, Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияның қатысушылары ассамблеясының VIII-сессиясы жалғасын тауып, оның жұмысына 40 елден келген 130-дан астам қонақ қатысуда.


Your browser does not support SVGs