Жаңалықтар

ЭССЕ ЖАЗУ БОЙЫНША БАЙҚАУДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Сонымен, қымбатты достар, Сіздерге ағымдағы жылдың 20 мамыры мен 5 маусымы аралығында мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілген «Қазақстанның даму стратегиясы» атты жалпыұлттық эссе байқауының нәтижелері шыққандығын қуана хабарлаймыз. Талаптарға сәйкес байқауға 131 өтінім берілді және қаралды. Оның ішінде қазақ тілінде ұсынылғаны – 67, орыс тілінде – 61 және ағылшын тілінде – 3.

Естеріңізге сала кетейік, байқауға орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың 40 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметшілері қатыса алды. Орталық деңгейде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі және Әділет министрлігі қатысса, өңірлік деңгейде әкімдіктер мен олардың басқармалары, сондай-ақ денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, энергетика, қаржы, ішкі істер министрліктерінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменттері белсенділік танытты.

Облыстар бөлінісінде байқауға барлық 14 облыс қатысты. Эсселерді бағалау үшін Сараптамалық комиссия құрылып, оның құрамына Академияның өңірлік филиалдарының директорлары, сондай-ақ қызметкерлер мен профессор-оқытушылар құрамы кірді. Қаралған 131 эсседен іріктеу кезеңіне салыстырмалы жоғары баллмен (55-60/60) 10 эссе ұсынылды. Келесі республикалық кезеңде ұсынылған 10 эсседен  ең үздік, көңілге қонымды әрі қызықты жазылған 3 эссе іріктелді.

Барлық эссе мына критерийлер бойынша бағаланды:

  • тақырыптың өзектілігі;
  • эссенің мазмұны және байқаудың мақсаттары мен міндеттеріне

сәйкестігі;

  • өзіндік авторлық көзқарас (креативтілік);
  • эссенің құрылымы.

Байқаудың жалпы тақырыбына байланысты стратегиялық ойын жеткізу де аса маңызды болды! Барлық эсселер плагиатқа тексерілді және дереккөздердің дұрыс пайдалануына мән берілді.

Сараптамалық комиссияның онлайн-отырысының қорытындысы бойынша қойылған бағалар мен көшіріп алу фактілерін тексеру нәтижелері негізінде дауыс беру жолымен 3 жеңімпаз анықталды:

  1. Әбдеш Керімжан Бақтиярбекұлы (эссенің тақырыбы «Қазақстандағы жаппай миграцияның қалаға да ауылға да зияны») – Түркістан облысы, Ордабасы ауданының ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы;
  2. Керуенбаев Берік Серікұлы (эссенің тақырыбы ««Әлжуаз халыққа стратегияның қажеті қандай?» немесе «Ұлттық құндылықтар стратегияның, идеологияның һәм экономиканың өзегі»») – Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының аға сот приставы;
  3. Малдыбаева Замира Айдарбекқызы (эссенің тақырыбы «Каким должен быть лидер в современном государственном управлении?») – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Оқу-әдістемелік орталығының бас маманы.

Жеңімпаздар жүлде қоры ретінде Академия базасында жеке тұлғалық даму және құзыреттілікті дамыту бойынша эксклюзивті тренингтерде білім алуға бірегей мүмкіндік алады. Оқытудан кез-келген өңірден қашықтық нысанда ағымдағы жылдың соңына дейін өтуге болады.

Жалпыұлттық байқаудың жеңімпаздарын құттықтаймыз және барлық қатысушыларға танытқан қызығушылықтары мен жеңіске деген ұмтылыстары үшін алғысымызды білдіреміз!


Your browser does not support SVGs