Жаңалықтар

ДАҒДАРЫС ӘЛЕМІ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ: ПАНДЕМИЯ ЖӘНЕ ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ АХУАЛ

22 маусымда Мемлекеттік қызметші күні қарсаңында «Дағдарыс әлемі жағдайындағы мемлекеттік қызмет: пандемия және жаңа экономикалық ахуал» тақырыбында конференция болып өтті. Ұйымдастырушылары – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы. Конференция жұмысына қашықтық форматта 260-тан астам адам қатысты, олар министрліктердің, агенттіктердің, олардың аумақтық департаменттерінің мемлекеттік қызметшілері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Академияның филиалдары, профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ ғылыми және академиялық орта.

Конференция спикерлері:

  1. Бақтыгереев Базаралы Сырымұлы – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аппарат басшысы;
  2. Ахметов Альтаир Амангелдіұлы – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі;
  3. Байменов Әлихан Мұхамедияұлы – Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб Басқарушы комитетінің төрағасы;
  4. Әбіл Ерлан Қуанышұлы – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры;
  5. Нұрбекова Ғалия Бағдатқызы – Қазақстандағы ICU (International coach association) өкілдігінің директоры.

Модератор: Көшербаева Айгүл Беделбайқызы – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры.

Агенттік аппаратының басшысы Базаралы Бақтыгереев өз сөзінде мемлекеттік аппараттың пандемия кезеңінде үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметшілердің жаңа жұмыс форматын енгізу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Қазіргі уақытта қауіпсіздікті сақтау тұрғысынан мемлекеттік қызметте адами ресурстарды басқару жүйесін кешенді қайта қарау және ауқымды цифрландыру жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, «осы күндері азаматтарды қабылдау бойынша ақпараттық жүйелер мен порталдардың жұмыс істеуіне, сондай-ақ олардың мемлекеттік қызметтерді қашықтан, оның ішінде онлайн-қабылдау және мемлекеттік органдардың call-орталықтарының жұмысын жандандыру арқылы алуына ерекше назар аударылуда». Сондай-ақ мемлекеттік органдарға E-kyzmet, Мемлекеттік органдардың интранет-порталы және т.б. жүйелерін қашықтан қолдану арқылы жұмыстың ең жауапты тұстарына нұқсан келтірмей, икемді қысқартылған немесе қашықтықтан жұмыс режимін қолдану құқығы берілді. Бұл тәсіл қарбалас уақыттарда қоғамдық көліктің жүктемесін азайтуға және адамдардың жаппай жиналуына жол бермеуге ықпалын тигізді. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің 80%-ы дәстүрлі жұмыс режиміндегі сияқты еңбекке ақы төлеу жүйесін сақтай отырып, қашықтық форматта өз жұмысын жалғастыруда. «Мемлекеттік органдардың ағымдағы кеңестерінің басым бөлігі онлайн-режимде өткізілуде. Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар skype-байланыс, бейнеконференц-байланыс арқылы және мессенжерлерде жедел кеңестер өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көптеген мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметке қабылданатын кандидаттармен онлайн-сұхбаттасу жүйесі сәтті сынақтан өтті». Қазақстандық сарапшылар Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, «қашықтық форматқа көшу мемлекеттік қызметкерлер жұмысының тиімділігіне кері әсерін тигізбеді, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметінде адами ресурстарды басқару саласындағы бизнес-үдерістерді автоматтандыру жоспарлануда»,-деп атап өтті. Қашықтықтан жұмыс жасау бойынша алынған оң тәжірибе карантин аяқталғаннан кейін де пайдаланылатын болады, атап айтқанда, қашықтықтан жұмыс жасаудың егжей-тегжейлі регламенті ретінде мемлекеттік аппарат жұмысының сыналған бірқатар тетіктерін нормативтік бекіту, мемлекеттік қызметке кандидаттарды іріктеуді жүргізу мүмкіндігі қарастырылуда. Спикер өз ойын түйіндей келе, «дағдарыс жағдайында қазақстандық мемлекеттік аппарат өзінің тиімділігін және пандемиямен байланысты мәселелерді жедел шешу қабілетін дәлелдей алды. Жаһандық тегеурінді талаптар мемлекеттік аппараттың қызметін ұйымдастырудың жылдар бойы жинақталған әдістерін қайта қарауға итермеледі», – деп атап өтті.

Одан кейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі Альтаир Ахметов барлық мемлекеттік қызметшілерді келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтап, аудиторияны брейнсторминг форматында «Трансформация не үшін қажет? Өзгерістер не үшін керек?» деген сұрақтарды талқылауға шақырды. Осы тұрғыда спикер қазіргі заман талаптарына, сыртқы ортадағы өзгерістердің жылдамдығына, технологиялар мен азаматтардың санасының өзгеруіне сәйкес мемлекеттік басқаруда жаңа тәсілдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесі «сервистік ойлауды» дамытуға, азаматтардың сенімін арттыруға, шешім қабылдау процесіне халықтың тартылуын арттыруға, азаматтардың, бизнес пен жалпы қоғамның құқықтары мен заңды мүдделерін қанағаттандыруға, сенім артатын соттар, қорғаныш бола алатын полиция, қоғам мүддесін қорғайтын депутаттар, объективті БАҚ-тарға бағытталуы тиіс», – деп атап өтті. Әкімшілендіру моделінен сервис моделіне көшу ойлауды өзгертуді көздейді және осыған байланысты қоғам өкілдерінен кері байланыс та маңызды. Спикер «айтылған сын – бұл шын мәнінде процестерді жақсартуға мүмкіндік беретін құндылық» деп санайды. «Төменнен-жоғары» тәсілі, проблемаларды жергілікті жерлерде зондтау және стейкхолдерлерді барлық деңгейлерде релевантты басқару да маңызды. Сөз соңында Агенттіктің қабылдау және мемлекеттік қызметке кіру процесін автоматтандыру жөніндегі бастамасын қолдап, оның транспаренттілікке, сондай-ақ кандидаттардың кәсіби және жеке құзыреттілігін анықтауға бағытталғанын атап өтті.

Қазақстан Республикасында тиімді мемлекеттік қызмет пен басқаруды құру тақырыбын жалғастыра отырып, Астана Мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов өз сөзінде жүйені реформалау кезінде ескеру маңызды бірқатар бағыттарға баса назар аударды. Біріншіден, қоғамның мемлекетке деген сенімі бірінші дәрежелі ресурс, бастапқы капитал, кез келген шешім үшін маңызды шарт. Егер қоғамда сенім болмаса, онда, негізінен, мемлекет қабылдаған шешімнің өзі тиімсіз. Екіншіден, жылдам шешімдер ғана емес, оның дұрыстығы және тазалығы мен ашықтығы маңызды.  Үшіншіден, адам құқықтарын сақтай отырып, азаматқа зиян келтірмей, озық цифрлық технологияларды пайдалану және енгізу. Төртіншіден, жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігін күшейту және жергілікті қаржыландыруды қалпына келтіру қажет. Мысалы, «егер пандемия жағдайында өзекті денсаулық сақтау саласын алатын болсақ, онда аудандар мен қалаларда өкілеттіктер жеткілікті деңгейде емес екендігі айқын. ДДҰ-ның пікірінше, «егер өңірлерде жергілікті жерлерде тұрғындармен түсіндіру әңгімелері белсенді жүргізілсе, онда ел карантиннен жалпы тиімді әрі жылдам шығады. Барлық шешімдерді орталықтан шығару мүмкін емес».  Бесінші, саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің функцияларын айқындау және ажырату. Саяси мемлекеттік қызметшінің бірінші кезектегі міндеті – қоғаммен, Парламентпен, мәслихатпен жұмыс, сондай-ақ жүргізіліп жатқан процестер мен мемлекеттік реформалар саясатын түсіндіру. Алтыншы, карантин монолог-жиналыстарды, сансыз тұрақты жиналыстарды өткізудің қажеттілігі жоқ екенін көрсетті. Халық ауыл, аудан, қала, облыс және жалпы республика неге жауап беретінін нақты білуі тиіс. Хаттама жасау және тармақтарды орындау бойынша жауап беру мемлекеттік қызметшілердің көп пайдалы уақытын алып, бұл нәтижесіз жұмысқа әкеледі. Жетінші, HR-департаменттері жұмысының маңыздылығы және олардың ұжымда басшылық пен қызметкерлер арасында, сондай-ақ қызметкерлердің өз араларында қалыптастыруы тиіс сенім. Сегізінші, карантин кезеңінде мемлекеттік тілді онлайн-тілдік курстарды ашу есебінен дамыту. Бұл барлық азаматтар үшін жақсы мүмкіндік. Сөз соңында спикер қатысушыларды өзекті жаһандық және жергілікті проблемалардың халықаралық тәжірибесін зерттеу мақсатында Астана хабы құрған виртуалды альянсқа қосылуға шақырды.

Өз кезегінде, Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл пандемия жағдайында сабақ болған тұстарды баяндап, мемлекеттік басқару жүйесінің мықты және әлсіз жақтарын атап өтті. Мықты жақтардың қатарында қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру, техникамен жабдықталу, өзара байланыс жасау бар. Сонымен қатар, осал тұстар да аталып өтті: бұл нақты тайм-менеджменттің қажеттілігі және «дедлайндар» негізділігі, коммуникациялық менеджмент, көлденең байланыстарды тік, иерархиялық тепе-тең етіп құру. Жалпы, аталған жаңашылдықтар мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзара іс-қимыл мәдениетін қайта жаңғыртады. Ол бұдан кейінгі қызметтің мынадай екі ықтимал сценарийі туралы: консервативті, пандемияға дейін ештеңе өзгертпей, және қашықтан жұмыс істеу форматын енгізе отырып, инновациялық сценарий туралы айтты, бұл үстеме коммуналдық шығындарды, кеңсеге және қызметкерлерге жұмсалатын шығындарды азайтады. Инновациялық сценарийде мониторинг пен бақылаудың, жедел әрекет етудің, жылдам шешімдерге қол жеткізудің, құжатайналымын қашықтан басқаруға көшірудің, тиімді коммуникациялардың, басым міндеттерге мән берудің, біліктілікті арттыру бағдарламаларын қайта қарау мен дағдыларға бағдарланудың, контенттің кәсіби дағдылар мен құзыреттерді қалыптастыруға және дамытуға бағытталуының маңыздылығын атап өтті. Е. Әбіл өз сөзін түйіндей келе, «мемлекеттік қызметші бүгінгі күні қарапайым орындаушы болып қалмай, шешім қабылдаудың жаңа сапалы деңгейіне көшеді, ол жүйелі ойлай алатын, сыни ойлай білетін, қабылданатын шешімдердің тәуекелдерін түсініп, жағдайды түсіне білетін, кеңістіктік көзқарасқа ие және коммуникативтік дағдыларды дамыта білетін мемлекеттік қызметші болуы керек»,-деді.

Конференция соңында Қазақстандағы ICU өкілдігінің директоры, спикер Ғалия Нұрбекова Мемлекеттік қызмет не үшін? тақырыбы бойынша сөз қозғады. Спикер конференцияға қатысушыларға өз үндеуінде мемлекеттік қызметшінің және кез келген адамның бойындағы құндылықтарға және миссияларға баса назар аударды. Күнделікті жүзеге асырылатын қызметтің миссиясы мен мақсаттарын түсіну қозғаушы фактор болуы тиіс. «Біз мінез-құлқымызды өзгертіп жатамыз, бірақ құндылықтарды өзгерту керек, қызмет мәдениетіне дұрыс құндылықтарды әкелуіміз қажет. Дағдарысты мұхиттағы дауылмен салыстырсақ, оларға төтеп беруге құндылықтарымыз, біліміміз, кәсібилігіміз, көзқарасымыз, дағдыларымыз көмектеседі».

Іс-шара соңында модератор Айгүл Көшербаева барлық спикерлер мен тыңдаушыларға конференцияға қатысып, пікір алмасқандары үшін алғыс білдірді. Бұдан әрі де белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға қызығушылық танытты!

Видеоконференция жазбасына сілтеме: https://www.youtube.com/watch?v=_z7Vwjy6HK8&feature=youtu.be&has_verified=1


Your browser does not support SVGs