Орталық мемлекеттік органдар басшыларымен және облыс әкімдерімен 2020 жылғы 19 тамызда өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарда жемқорлықпен байланысты жүйелі проблемаларды жоюға бағытталған кешенді және алдын алу жұмыстарын күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі таңда әлемдік тәжірибеде мемлекеттік және жеке ұйымдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің барлық түрлерін барынша азайтуға мүмкіндік беретін тиімді әрі сенімді құралдардың бірі ISO 37001:2016 «Парақорлықпен күрес менеджмент жүйесі» халықаралық стандарты болып табылады.
ISO 37001 стандарты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды басқарудың ағылшындық жүйесіне – BS 10500:2011 британдық стандартына негізделген және оның орнын тиімді алмастыра алды.
Стандарт бірқатар егжей-тегжейлі талаптарды белгілейді және парақорлықпен күрес жүйесін құру, енгізу, қолдау және жетілдіру бойынша ұсыныстар береді. Стандартта сипатталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі әдістер мен құралдар мыналарды қамтиды: сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі саясатты қабылдау; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдардың сақталуына жауапты адамды тағайындау; қызметкерлерді оқыту; сыбайлас жемқорлықтың туындау тәуекелін бағалау; қаржылық және қаржылық емес бақылау шараларын, есептілікті және тергеу рәсімдерін енгізу және т.б.
Бұл әдістер кішігірім парадан бастап ұрлық пен сөз байласудың күрделі схемаларына дейін сыбайлас жемқорлықтың кез-келген түрімен тиімді күресуге мүмкіндік береді, сондай-ақ ұйым жұмысының айқындылығы, есептілігі және ашықтығы мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Ұйымның қандай меншік нысаны екендігі, қызметкерлердің саны мен қызмет ауқымы, сондай-ақ оның қай елде орналасқаны маңызды емес – стандарт озық халықаралық тәжірибелердің талаптары мен нормаларына сәйкес келуге көмектеседі.
Сондай-ақ, бұл стандарттың маңызды артықшылығы – ISO 9001, ISO 27001 және ISO 45001 стандарттарының құрылымына ұқсастығы, бұл оны аталған стандарттардың бірі енгізілген ұйымға кіріктіру міндетін жеңілдетеді.
2020 жылдың шілде айында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ISO 37001:2016 халықаралық стандартының талаптарына сәйкес парақорлыққа қарсы күрес менеджменті жүйесінің сертификаттау аудитінен өткен Қазақстан Республикасындағы алғашқы мемлекеттік ұйым атанды.
Бұл тұста, сертификаттаудан сәтті өтуге Академия қызметкерлері бір жыл бойы жүргізген үлкен дайындық жұмыстарының арқасында қол жеткізілгендігін айта кету керек.
Кез-келген менеджмент жүйесін енгізу жобасы үнемі қызметкерлерді оқытудан басталады. Мәселен, 2020 жылдың ақпан айында халықаралық ұйымның сарапшысын тарта отырып, «ISO 37001 енгізу бойынша сертификатталған маман» оқу курсы ұйымдастырылып, өткізілді. Академиядан қатысқан оқу курсының барлық қатысушылары біліктілік емтиханын нәтижелі тапсырды және канадалық РЕСВ сертификаттау органының сертификатталған әзірлеушілерінің халықаралық тізіліміне енгізілді.
Парақорлықпен күрес менеджменті жүйесін әзірлеу және енгізу бойынша қажетті дағдыларды меңгерген Академия қызметкерлері сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін басқару тұрғысынан ағымдағы қызметке талдау жүргізді. Талдау нәтижелері жұмыс жоспарын құруға мүмкіндік беріп, оған сәйкес бизнес-процестер үшін парақорлыққа қарсы тұрудың бірқатар нақты ұйымдастырушылық және техникалық шаралары анықталды. Көрсетілген шаралар қызметті жоспарлау және басқару, кешенді құқықтық тексеру, қаржылық және қаржылық емес саладағы шаралар, парақорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі міндеттемелер, сыйлықтар мен ризашылық белгілері, күдіктілер туралы хабарлау, парақорлыққа қатысты тергеу және шаралар қабылдау және тағы да басқа бағыттар бойынша нақты рәсімдер мен ережелер түрінде ресімделді.
ISO 37001 негізіне алынған тәуекелге бағдарланған және процестік тәсілдерге сүйене отырып, сондай-ақ әзірленген ұйымдастырушылық және техникалық шараларды ескере отырып, Академияда парақорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесі енгізілді.
Жобаның келесі кезеңі 2020 жылдың шілдесінде халықаралық аккредиттелген сертификаттау органында Академияның парақорлықпен күрес менеджмент жүйесінің сертификаттау аудитінен өтуі болды. Сертификатталған сарапшы-аудиторлар командасы Академия басшылығы мен қызметкерлерінің парақорлықпен күрес менеджменті жүйесінің жұмысына қатысушылығының жоғары дәрежеде екендігін, сондай-ақ Академия қолданатын парақорлықпен күрес шараларының нәтижелі әрі тиімді екендігін атап өтті.
Сәйкестікті бағалау нәтижесі ISO 37001:2016 халықаралық стандартының талаптарына парақорлықпен күрес менеджменті жүйесінің сәйкестік сертификатын алу болды.
Қазір Академия осы саладағы практикалық тәжірибе мен меңгерген білім негізінде еліміздегі басқа да ұйымдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін масштабтау бойынша жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда Академияның айтарлықтай зияткерлік әлеуеті, әдіснамалық құралдары және парақорлыққа қарсы күрес менеджменті жүйесін енгізу және әзірлеу бойынша консультациялық қызметтерді жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік беретін дамыған іскерлік байланыстары бар.
ЖАНАР РЫСБЕКОВА
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерделеу жөніндегі зерттеу орталығының басшысы