Жаңалықтар

«ЭЫДҰ-ның ЖАСЫЛ ӨСІМ СТРАТЕГИЯСЫ: халықаралық тәжірибе және Қазақстан»

Мемлекеттік басқару академиясында Development Day шеңберінде #KyzmetTalks сарапшыларының қатысуымен «ЭЫДҰ-ның ЖАСЫЛ ӨСІМ СТРАТЕГИЯСЫ: халықаралық тәжірибе және Қазақстан» тақырыбында ZOOM платформасында Мемлекеттік басқару академиясының Facebook-тегі парақшасына тікелей трансляция жасала отырып, онлайн-дискуссия болып өтті.

Developmet Day аясында өткен онлайн-кездесуді ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «GREEN ACADEMY» ғылыми-білім беру орталығы және ЭЫДҰ-ның Жасыл өсім және халықаралық ынтымақтастық департаменті ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру шеңберінде ЭЫДҰ-ның жасыл өсім стратегиясы құралдарының халықаралық тәжірибесін талқылау.

Онлайн-конференцияға Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі – Ахметжан Пірімқұлов, ЭЫДҰ Қоршаған орта басқармасының Жасыл өсім және жаһандық қатынастар бөлімінің басшысы – Куми Китамори, ЭЫДҰ ұлттық консультанты, «Жасыл академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры – Бақыт Есекина қатысты, ал модератор ретінде Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Айгүл Көшербаева сөз сөйледі.

«Мемлекет басшысының Жолдауы аясында ғылыми қоғаммен және жеке сектормен бірлесіп «жасыл» өсім жөніндегі ұсыныстар жиынтығын әзірлеу міндеті қойылды. Осыған байланысты, ұзақ мерзімді «Қазақстан – 2050» Стратегиясын іске асыру шеңберінде Министрлік «жасыл» өсім қағидаттарын мемлекеттік жоспарлау және жалпы мемлекеттік басқару жүйесіне интеграциялау бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Осы іс-шара «жасыл» өсім индикаторларын одан әрі ілгерілетуге серпін береді деп үміттенеміз»,-деп атап өтті Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов.

Іс-шара барысында «жасыл» өсім қағидаттарын мемлекеттік жоспарлау және мемлекеттік басқару жүйесіне интеграциялау мәселелері, «жасыл» өсімді жетілдіру үшін қажетті негізгі міндеттер, жасыл экономика инфрақұрылымын стратегиялық жоспарлау мүмкіндіктері және т.б. мәселелер қозғалды.

«Жасыл академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бақыт Есекинаның айтуынша, Қазақстан интеграция аясында жасыл өсім мақсаттарына ғана емес, тұрақты даму мақсаттарына да қол жеткізуде. Бүгінгі таңда Қазақстанда көптеген «жасыл» ұйымдар пайда болды,
EXPO-ны өткізу осыған ерекше серпін берді. «Жасыл» өсім индикаторларының тізімін кеңейту қажет. «Blockchain» технологиялары бүгінде БҰҰ-да, ЭЫДҰ-да мониторингті жақсарту үшін белсенді қолданылады, өйткені «blockchain» транспаренттілікті қамтамасыз етеді.

Өз кезегінде, ЭЫДҰ Қоршаған орта басқармасының Жасыл өсім және жаһандық қатынастар бөлімінің басшысы Куми Китамори өз сөзінде мынадай 5 негізгі көрсеткішті қамтитын қоршаған ортаға оң әсер ететін тұрақты инфрақұрылым жөніндегі жаңа бағдарламаға тоқтала өтті:

  1. Инфрақұрылымды перспективалық стратегиялық жоспарлау;
  2. Объектілер деңгейінде орнықтылықты кейінгі бағалау;
  3. Саясаттың қолайлы шаралары, «Саясат тұрғысынан «көзқарас» құралдары мен стратегиялары;
  4. Тұрақты қаржыландыру және бизнесті жауапты жүргізу;
  5. Аймақтық білім орталықтары, әлеуетті нығайту және саясат мәселелері туралы диалогтар.

Интерактивті форматта өткен онлайн-конференцияның соңында спикерлер тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді.


Your browser does not support SVGs