Ағымдағы жылдың 13 қарашасында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Цифрландыру жағдайында Қазақстанның еңбек нарығын мемлекеттік реттеуді жетілдіру» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған Ғазиза Қармысқа диплом тапсыру рәсімі өтті.
Бұған дейін 2020 жылғы 23 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Microsoft Teams платформасында онлайн форматта «6D051000 – Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бейіні бойынша доктор дәрежесін алу үшін «Цифрландыру жағдайында Қазақстанның еңбек нарығын мемлекеттік реттеуді жетілдіру» тақырыбында Қармыс Ғазиза Сағындыққызының диссертациясы қорғалды.
Ғазиза Қармыстың диссертациялық жұмысы адам ресурстарын дамыту тақырыбына арналған. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында жұмыспен қамту мәселелері өзекті екені сөзсіз. Сондықтан зерттеуде цифрландыру мүмкіндіктерін қолдана отырып, еңбек нарығын дамыту бойынша мемлекеттік аппарат жұмысының тәсілдерін өзгертуге басты назар аударылды.
Докторант еңбек нарығын реттеу үшін мемлекет қабылдаған шараларға SWOT және PEST талдауын; жұмыспен қамту саласында да, еңбек қатынастары саласында да мемлекеттік реттеуге жауапты органдарға функционалдық талдау жүргізді.
Ғазизаның айтуынша, зерттеу жұмысын жазудағы ең басты қиындық карантин жағдайында сараптамалық сауалнама жүргізу болған. Дәл осы қиындықтар covid-19 пандемиясының еңбек нарығына әсерін бағалауға мүмкіндік беріп, соның нәтижесінде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қашықтықтан жұмыспен қамтуды реттеу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсынымдар әзірленді.
«Үш жылдық зерттеу – бұл сынақтар мен қателерге, ізденістер мен жаңа шешімдерге толы қиын кезең болды. Ұзақтығына қарамастан, уақыт жылдам өтіп кетті, біраз дүниелер жасалды, бірақ қорғаудан кейін де зерттеуді одан әрі жалғастыру қажеттілігі туралы ой келуде», – дейді доктор.
Айта кету керек, Ғазиза Қармыс 2014 жылы Мемлекеттік басқару академиясында магистратураны бітірген. Енді, 6 жылдан кейін, ол «6D051000 – Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бейіні бойынша доктор дәрежесін алып, қайтадан Академияның түлегі атанып отыр.
«Академияда білім алу маған ғылыми әлемге енуге, әртүрлі елдердің ғалымдарымен және әріптестеріммен кәсіби нетворкинг құруға, рейтингтік журналдарда ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жариялауға мүмкіндік берді. Сондықтан Академия мен үшін мемлекеттік қызметтің тәжірибеге бағдарлануы мен ғылыми қызметті үйлестіретін бірегей білім беру мекемесі болып табылады. Оқыту әдістерінің заман талабына сай келуі және деңгейі жоғары профессорлық-оқытушылық құрамның болуы Академиямызға деген мақтаныш сезімін оятады! Мен алған барлық білімімнің дұрыс жолда қолданылатына сенімдімін!»- деп Ғазиза Қармыс Академиядағы оқуы бойынша өз әсерімен бөлісті.
Диплом тапсыру рәсімінде Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл және стратегиялық даму, зерттеу жұмысы және халықаралық әріптестік жөніндегі вице-ректор Айгүл Көшербаева, сондай-ақ Басқару институтының профессорлық-оқытушылық құрамы түлегімізді құттықтап, еңбегіне табыс тіледі.
Анықтама үшін:
Бүгінгі таңда Академияда мынадай екі диссертациялық кеңес жұмыс істейді:
Біріншісі – «6D051000 – Мемлекеттік және жергілікті басқару», «6D050600 – Экономика», «6D090500 – Әлеуметтік жұмыс» мамандықтары бойынша кеңес;
Екіншісі – «6D020200 – Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша кеңес.
Академияның диссертациялық кеңестері Қазақстан Республикасында бейіні бойынша доктор және PhD дәрежелерін беруге құқығы бар санаулы кеңестердің бірі, өйткені ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы – ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орны. Докторлық диссертацияны онлайн-форматта қорғау алғаш рет 2020 жылдың сәуір айында өтті және біз бұл кейсті сәтті тәжірибе ретінде қолданып келеміз.