Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында ағымдағы жылдың 27-28 қараша аралығында ZOOM онлайн платформасында өтетін «Qazaqstan Project Management Awards 2020» мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті жетілдіру бойынша форумының ресми ашылуы өтті.
Форумның негізгі мақсаты – жобалық менеджменттің әдістері мен құралдарын өз қызметіне белсенді енгізетін және қолданатын мемлекеттік органдарды, ұйымдарды қолдау, мемлекеттік қызметшілерді көшбасшылық пен жаңа құзіреттіліктерді дамытуға ынталандыру.
«Qazaqstan Project Management Awards 2020» конкурсы аясында ұйымдастырылған форум БҰҰДБ және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Жобалық басқару орталығының қолдауымен өткізілуде.
Мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті жетілдіру бойынша форумның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі, конкурстың әділқазы мүшесі Әлтайыр Ахметов, QazPMA 2020 конкурсы мен форумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі (жобалық басқару бойынша өкілетті мемлекеттік орган) Юсупов Мейіржан Бақытұлы, РФ Үкіметінің жанындағы Талдау орталығының Жобалық менеджмент басқармасының басшысы Илья Винокуров, QazPMA 2020 конкурсы мен форумының ұйымдастырушысы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджментті дамыту орталығының басшысы Арман Евниев қатысты.
QazPMA 2020 конкурсы мен форумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілдің айтуынша, жобалық басқаруды жетілдіру бойынша конкурс – мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті дамыту идеясының айналасына біріккен адамдардың жұмысы мен еңбегінің нәтижесі. Жобалық менеджмент принциптерін енгізудің, цифрлық технологияларды пайдаланудың, бизнес-үрдістерді оңтайландырудың және мемлекеттік басқару тиімділігін арттырудың маңызды құралы осы үрдіске мүдделі барлық тараптардың коллоборациясы болып табылады.
2013 жылдан бастап Академия елімізде жобалық басқаруды дамыту және ілгерілету бойынша мақсатты бағытталған жұмыс жүргізіп келе жатқандығын атап өту керек. Осы жылдар ішінде Академия мемлекеттік қызметшілердің жобалық менеджмент саласындағы білімі мен құзіреттіліктерін жүйелендіру бойынша әдіснамалық және бірыңғай білім беру алаңына айналды. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктіліктерін арттыру курстары аясында магистратура және докторантура білім беру бағдарламаларына жобалық менеджмент бойынша сағаттар қосылды, жобалық менеджмент пәндері қарастырылды, бұл өз кезегінде тыңдаушыларға жобалық менеджмент бойынша ұлттық, халықаралық сертификаттаудан өтуге мүмкіндік береді.
«Бұл тек жобалық басқарудағы ғана емес, сондай-ақ жалпы мемлекеттік басқару жүйесіндегі дамудың жаңа беті. Бұл расымен де тәжірибе алмасуға, үздік тәжірибелерді қолдануға мүмкіндік беретін алаң. Нарықта, бизнесте, экономикада, әлеуметтік-экономикалық салада тез шешім қабылдайтындар және сол шешімдерді жылдам жүзеге асыратындар жеңіске жететіндігін атап өткен жөн. Осындай мемлекеттік басқару үлгісі үшін тиімді құралдың бірі жобалық менеджмент, жобалық-желілік тәсілдеме болып табылады» – деп атап өтті QazPMA 2020 конкурсы мен форумының ұйымдастырушысы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджментті дамыту орталығының басшысы Арман Евниев.
Естеріңізге салып өтейік, түске дейін Форум қатысушылары өзгерістер мен тәуекелдерді басқару, коммуникациялар, мақсат қою, Agile Scrum Kanban жобаларды басқару әдіснамасы және жобалық кеңселерді ұйымдастырудың үздік тәжірибелері бойынша Сәкен Садвакасов, Даулен Жаңғабылов, Жанболат Даухарин, Наталья Рашитова, Владимир Иванов, Марина Майер, Рашад Ибрагимов сынды жобалық менеджменттің халықаралық сарапшыларының шеберік сыныптарынан өтеді.
Форумның екінші бөлімі «Жеңімпаздар клубының» презентациясына арналады. Онда Конкурстың ақтық мәресіне жетушілердің келесідей номинациялар бойынша үздік жобалық жұмыстары таныстырылады: «Жылдың үздік жобасы», «Жылдың үздік жобалық менеджері», «Жылдың үздік жобалық кеңсесі».
Оған қоса, Конкурс әкімшілері Форум қатысушылары үшін үш залда мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджменттің өзекті мәселелері мен дамуына қатысты сауалнамалар жүргізілетін пікірталас алаңын (Жобалық зертхана) ұйымдастырады: Деминг залы, Ишикава залы, Гантт залы. Пікірталас панелінің модераторлары Арман Евниев, Аржан Бугубаев, Илона Шварцкопф, Александр Ли болмақ.
Форумға қатысушылардың ішінде орталық, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың, даму институттарының, жобалық менеджерлердің кәсіби қауымдастықтарының өкілдері, соның ішінде QazPMA-2020 конкурсына тікелей қатыспағандар да бар.
Жобалық басқаруды жетілдіру бойынша форумның бірінші күнінің соңында «Мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджменттің заманауи трендтері» атты дөңгелек үстел өтеді. Онда пікірталас алаңдарының қорытындысы талқыланып, резолюция қабылданады.
Ал ертең, яғни 28 қарашада QazPMA-2020 конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі, сондай-ақ Конкурс асессорларының кері байланыс сессиясы өтеді.