Жаңалықтар

Мемлекеттік басқару академиясында IS͟O͟ 37001:2016 сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын енгізу жайлы

Мемлекеттік басқару Академиясының ректоры Ерлан Әбіл онлайн кездесуде ISO 37001 халықаралық стандарты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-бақылау және Мемлекеттік басқару академиясында ISO 37001:2016 сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын енгізу жайлы баяндады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс ұйымдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді құралдарының бірі, сондай-ақ ұзақ уақыт бойы жоспарлы енгізуді қажет ететін күрделі және кешенді жоба болып табылады.

Қазіргі таңда еліміздегі квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін бағдар ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс саласында бақылау жүйесін ұйымдастыру бойынша түрлі халықаралық стандарттар, нұсқаулықтар мен әдістемелік ұсыныстар әзірленген. Стандарт ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйені енгізу, қолдау және жетілдіру бойынша егжей-тегжейлі талаптар мен ұсыныстардың жиынтығын танытады.

Ректордың айтуынша, ISO 37001-ді қолданудың басты артықшылығы – бұл сенімділік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының нәтижелілігі, алайда ұйымның сыбайлас жемқорлықа қарсы басқару жүйесін енгізуден алатын пайдасы мұнымен шектелмейді.

«Біріншіден, стандарт ұйым жұмысындағы есептілік пен айқындылық мәдениетін қалыптастыруға ынталандырады. Бұл өз кезегінде оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Екіншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесі ұйымның этикалық мәдениетін қолдайды, ал бұл тек компания ішіндегі ғана емес, сондай-ақ одан тысқары коммуникацияның да жаңа деңгейі болып табылады, бұл клиенттердің тарапынан сенімнің артуына ықпал етеді. Үшіншіден, аудиттен табысты өткен жағдайда ұйым 70-тен астам елде мойындалатын және оның абырой-беделіне жағымды әсер ететін халықаралық сертификатқа ие болады» – деп атап өтті Ерлан Әбіл.

Бүгінгі таңда Мемлекеттік басқару академиясы өзінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесінің ISO 37001 стандартының талаптарына сәйкестігін растайтын сертификаттау аудитінен өткен еліміздегі тұңғыш мемлекеттік ұйым болып табылады.

Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл: «Өткен жылдың ортасында сертификаттау жөніндегі халықаралық орган сертификаттау аудитін ұйымдастырып, өткізді. Сарапшылар-аудиторлар тобы Академияның басшылығы мен персоналының сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесінің жұмыс істеуіне жоғары деңгейде тартылғандығын, сондай-ақ қолданылып келе жатқан сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларының нәтижелілігі мен тиімділігін атап өтті. Нәтижесінде Академия сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес менеджменті жүйесінің ISO 37001 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестігі сертификатын иеленді» – деп атап өтті.

Қазіргі таңда Академия осы саладағы тәжірибесі мен білімінің негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін еліміздегі өзге ұйымдарға таратуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда Академия біршама зияткерлік әлеуетке ие – бұл персоналды сертификаттау жөніндегі халықаралық органнан біліктілікке ие болған ISO 37001-ді енгізу жөніндегі 20 маман және 30 жетекші аудитор.


Your browser does not support SVGs