Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Мохаммед Бин Рашид атындағы Басқару мектебінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының қазақстандық магистранттарына диплом тапсыру рәсімі өтті.
Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген мемлекеттік қызметшілер қос дипломды білім алып жатқандығына бірнеше жыл болды, бұл отандық және шетелдік озық тәжірибеге негізделген білімді одан әрі практикада қолдануға мүмкіндік береді. Қазақстан алдында тұрған тұрақты дамудың ірі мақсаттарына жоғары білікті кадрларсыз қол жеткізу мүмкін емес. Бұл ретте елімізді әлемнің озық мемлекеттерінің қатарына шығаруға бағытталған саяси және экономикалық реформалар бағдарламаларын іске асыруда білімі мен тәжірибесі мол мемлекеттік қызметшілерге ерекше рөл беріледі. Мемлекеттік басқарудың озық әлемдік практикасымен дамудың сәтті қазақстандық моделін үйлестіретін арнайы бағдарламалар бойынша беделді шетелдік оқу орталықтарында мамандар даярлау да баға жетпес дүние.
Мохаммед Бин Рашид атындағы Басқару мектебінің дипломдарын қос дипломды оқыту бағдарламасы бойынша Мемлекеттік басқару академиясының «Өңірлік даму» бағдарламасының 2020 жылғы түлектері алды. Ұлжан Жамалбекова Түркістан облысы Сайрам ауданы Манкент ауылдық округі әкімі аппаратының кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі бас маманы қызметін жалғастыруда. Аяужан Танбаева Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаментінің МӘМС енгізуді үйлестіру басқармасының бас сарапшысы болып жұмыс істейді.
«Академияда біз Қазақстанның мемлекеттік басқаруындағы түрлі салаларды жақсарту үшін шешімдер іздесек, ал бұл Мектепте әртүрлі салалардағы тұрақты даму мақсаттарының проблематикасын тереңірек зерделей алдық»,-деп атап өтті Аяужан Танбаева.
«Бірінші жыл Мемлекеттік басқару академиясында және екінші жыл Араб Әмірліктерінде оқу біз үшін үлкен жетістік және баға жетпес тәжірибе. Бұл білім біз үшін кең мүмкіндіктер ашады, өйткені біз жаһандық тұрғыдан ойлауды үйрендік, халықаралық тәжірибені зерттедік. Мен біздің мемлекетіміздің де, Академияның да үмітін ақтап, еліміздің экономикасы мен өркендеуіне үлкен үлес қосатынымызға сенімдімін», – деп өз әсерімен бөлісті Ұлжан Жамалбекова.
Мемлекеттік басқару академиясы әлемдік жетекші мемлекеттік басқару мектептерімен білім беру және зерттеу мәселелері бойынша ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруда.
Айта кету керек, қазір Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсу үшін www.apa.kz сайтында магистратураның 7 және докторантураның 2 бағдарламасының бірі бойынша, оның ішінде модульдік оқыту бағдарламалары бойынша (өндірістен қол үзбей) онлайн форматта құжаттар қабылдау басталды. Бағдарламаларға қарай шетелдік тағылымдамалар, академиялық ұтқырлық және екі дипломды білім беру көзделген.
Анықтама үшін:
Мемлекеттік басқару академиясы – іс басындағы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуы мен білім алуына жауап беретін Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны. Академияның жұмысы мемлекеттік аппараттың кадрларын және кәсіби басқарушыларды даярлауға бағытталған.