Бүгін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, UN PAGE (БҰҰ-ның «Жасыл экономика бойынша іс-әрекеттер серіктестігі») бағдарламасының және Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамының (GIZ) қолдауымен мемлекеттік қызметшілерді «Жасыл экономика және төмен көміртекті даму» мәселелері бойынша оқыту жобасы басталды.
Бағдарламаның ашылуында ҚР экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, БҰҰ PAGE Директорлар кеңесі мүшесі Ангус Маккей, GIZ Қазақстан жобалық директоры Шуман Йоханнес және Академия ректоры Ерлан Әбіл арнайы сөз сөйледі.
Қазақстан БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін дәйекті экологиялық саясат жүргізіп, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жобаларды іске асырып келеді. Covid-19 кезеңінен кейінгі қалпына келу жағдайында жасыл, циркулярлық экономика және төмен көміртекті даму бағытындағы жобалар айрықша өзектіленіп отыр.
Осыған байланысты Академия серіктес тараптармен бірлесіп Жасыл экономика бойынша оқытудың кешенді модульдік бағдарламасын әзірледі. Оқу бағдарламасы келесі кезеңдерден тұрады:
1) Кіріспе курс: негізгі ұғымдар;
2) Тереңдетілген курс: құралдар мен шешімдер;
3) Практикалық модуль;
4) Серіктес елдермен тәжірибе алмасу отырысы.
Бұл халықаралық жобаға еліміздің мемлекеттік қызметшілерімен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түркіменстан сияқты жақын шетелдерден әріптестеріміз қатысуда.
Жобаның негізгі міндеттерінің бірі – жасыл экономикаға көшу саясатын тиімді жүзеге асыру үшін Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің мемлекеттік қызметшілері арасындағы ынтымақтастықты және әлеуетті нығайту.
Жобаның мақсаты – экологияландыру саясатының әлеуметтік-экономикалық пайдасын көрсету және жасыл экономика мен төмен көміртекті даму бойынша жобаларды жүзеге асыру үшін қатысушылардың практикалық құралдарды қолдануы.
Оқу барысы интерактивті пікірталастарды, кейстер талдауды және жобалық басқаруды қамтиды. Қатысушылардың жобалық жұмыстары қорытынды конференцияда ұсынылады.
Тренинг жүргізу үшін экология, қоршаған ортаны қорғау және жасыл экономика салаларының жетекші қазақстандық және БҰҰ халықаралық сарапшылары тартылды.