2021 жылғы 28 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектеріне диплом беру рәсімі өтті.
Пандемия жағдайында және карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты Мемлекеттік басқару академиясы «Graduation-2021» дипломдарды табыстау салтанатты рәсімін оффлайн форматта өткізуден бас тартып, кесте бойынша сағат 10.00-ден 18.30-ға дейін барлық санитарлық шараларды сақтай отырып, түлектерге дипломдарды табыс етті.
Мемлекеттік басқару академиясының ғимаратында Ashyq жүйесі, дезинфекциялық туннель, температураны өлшеуге арналған камера орнатылғандығын айта кеткен жөн.
Қазіргі карантин жағдайына және пандемия жағдайындағы оқытудың жаңа форматына қарамастан, 144 магистрант қорытынды емтихандарын сәтті тапсырып, өздерінің магистрлік жобаларын қорғады, оның ішінде Ауғанстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген 6 шетелдік мемлекеттік қызметші Қазақстанның іс басындағы мемлекеттік қызметшілерінің кәсіби дамуы мен біліміне жауап беретін жалғыз жоғары оқу орнының магистрлері дәрежесін алды.
Академияны бітіргені туралы дипломдармен бірге ерекше көзге түскен түлектерге «Прогресске ұмтылысы мен жоғары нәтижелер көрсеткені үшін құрмет грамотасы», «Академия өміріне белсенді қатысқаны үшін құрмет грамотасы», «Халықаралық қатынастар бойынша үздік магистрлік жұмыс», «Ата-анасына арналған алғыс хат», «Certificate of hоnor for the best master project of foreign students and international relations», «Оқу үздігі номинациясы», «Академияның әлеуметтік-мәдени өміріне қосқан үлесі үшін құрмет грамотасы», «Үздік магистрлік жоба номинациясы» атты бірнеше номинациялар бойынша грамоталар табыс етілді.
Мемлекеттік басқару академиясының барлық түлектеріне табыс, мансаптық өсу және үлкен жеңістер тілейміз!