Жаңалықтар

ЕУРОПА ОДАҒЫМЕН БАЙЛАНЫС

Бүгін Академияда Қазақстандағы Еуропа Одағының өкілдерімен кездесу өтті. Академия ректоры Ерлан Әбіл меймандарға оқу орнының негізгі міндетін, стратегиялық бағыттарын, құрылымын сөз етсе, вице-ректор Айгүл Көшербаева ғылыми-зерттеу мен халықаралық байланыстар жөнінде айтып берді. Ал, Халықаралық әріптестік секторының меңгерушісі Жаңыл Бекмұрзаева академияның ЕО қаржыландыратын жобаларға қатысу мүмкіндіктеріне тоқталды.

Бүгінде Еуропа Одағының елдегі өкілдігінің негізгі атқаратын істерінің бірі жастарды қолдауға арналған. Мәселен, білім беру, зерттеу және азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосатын тың идеяларды, және осы салаларға бағытталған ірі жобаларды жүзеге асыруға қаржылай қолдау көрсетеді.

Өз кезегінде ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің ынтымақтастық жөніндегі басшысы Йоханнес Стенбаек Мэдсен Қазақстан, Түрікменстан және Орталық Азия аймағындағы ЕО-ның білім беру бағдарламаларына тоқталды. Ол Академия мен оның аймақтық филиалдарының жұмысына қызығушылық танытты.

Сонымен қатар, кездесуде Erasmus+ академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында мемлекеттік басқару саласында еуропалық университеттермен байланыс орнату, біріккен жобаларды іске асыру, конференция, диалог алаңы секілді шараларды ұйымдастыру жолдары талқыланды.

Бұл бағдарлы кездесу Академия миссиясы мен көзқарасын ортақ түсінуге және ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлкен серпін берді. Академия Еуропалық Одақ арасындағы сенімді қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта нәтижелі серіктестік орнайтынына сенім білдіреді.


Your browser does not support SVGs