2021 жылдың 18 – 19 қарашасында Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында GIZ (Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамы) қолдауымен Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Шығыс Еуропа елдері бойынша мемлекеттік басқару академияларының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі II форум-диалогы өтті. Форумға Қазақстаннан өзге Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия және Украина мемлекеттік басқару академиялары мен мектептерінің өкілдері қатысты.
Академия атынан ректор Ерлан Әбіл, Кәсіби даму институтының директоры Маргарита Қадырова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулер және комплаенс орталығы басшысының міндетін атқарушы Болат Әйтімов және Қолданбалы зерттеулер және халықаралық әріптестік орталығының жетекші сарапшысы Динара Жулкубаева қатысты.
Ерлан Қуанышұлы өз сөзінде ұйымдастырушыларға алғыс айтып, туыстық академиялармен және мемлекеттік басқару мектептерімен ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Форумда қатысушылар төрт жұмыс тобына бөлінді.
Е.Қ.Әбіл мемлекеттік басқару жөніндегі басқа да академиялар мен мектептердің басшыларымен бірге «Әкімшілік академияларды стратегиялық басқару» жұмыс тобына қатысты. Онда Академияның қызметі туралы айтып, Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі міндеттерге жан-жақты тоқталып өтті және мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мен Қазақстандағы саяси реформалар туралы сұрақтарға жауап берді.
Маргарита Кадырова «Әкімшілік-процедуралық құқық» және «Жергілікті өзін-өзі басқару» тақырыбындағы екі жұмыс тобына қатысты. Біріншісінде қатысушылар мемлекеттік қызметшілерге арналған әкімшілік құқық бойынша оқу модульдерінің нәтижелілігі, ынтымақтастық және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін іздестіру мәселелерін қозғады. Екінші топта жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту ерекшеліктері, жергілікті басқару органдары басшыларының құзыреттерін дамытуға арналған оқу модульдері таныстырылды. Бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және тренерлер даярлау туралы шешім қабылданды. Болат Әйтімовтың қатысуымен өткен «Мемлекеттік қызмет этикасы» жұмыс тобында әдеп нормаларын сақтау мәселелері және мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормаларды бұзуы жөніндегі кейстер талқыланды.
Форум қорытындысында жұмыс топтарындағы ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде шешім қабылданды.