Бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында саяси реформалардың жаңа бағдарламалары мен әлеуметтік-экономикалық саладағы атқарылатын іс-шаралар жайлы мәлімдемесін ыждаһаттылықпен тыңдай келе, Жаңа Қазақстан алдында тұрған тың серпілістер мен жаңаруларды сезіндім.
Елдегі саяси жүйені кешенді жаңғыртуды ұсынған Президент басымдықты Парламентке беріп, оның ролін арттыру арқылы тек ықпалды ғана емес, мықты Парламенттік жүйені дамытуды ұсынды.
Саяси бәсекелестікті арттыруда «Саяси партиялар туралы» Заңға түбегейлі өзгерістер енгізе отырып, қоғамның саяси мәдениетін көтеруіміз шарт.
Көптеген партиялардың дамуына тең жағдайды қамтамасыз етуде президенттің өкілеттік кезеңінде партияға мүшелігін тоқтату міндетін заңнамалық түрде ресімдеуді және әкімдердің партия филиалдарын басқаруын тоқтату керектігі сөз болды. Бұл өз кезегінде қоғамда партиялар қатарының өсуіне жағдай жасамақ.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы басымдық берген үшінші бағыт – сайлау жүйесін жетілдіру болды. Аралас сайлау жүйесінде парламенттің бір бөлігін можаритарлық жүйемен, мұнда – 30%, ал бір бөлігін сайланбалы билік органдарын партиялық өкілдік арқылы құру жүйесінде – 70% болуды ұсынды. Ал, ауылдар мен қалалардағы сайлауларды можаритарлық жүйеде өткізу бұл сайлаулардың әділ өтуіне кепілдік бермек.
Сайлау үдерісін жаңғыртуда сайлау рәсімдерін жетілдіру мен бақылаудың маңызы зор.
Саяси санамызды түбегейлі өзгертетін бұл саяси қадамдар сөз жоқ халық тарапынан қолдауға ие болып, саяси мәдениетімізді жетілдіре түседі деген сенімдемін.
Сәуле РЫСБАЕВА, саяси ғылымдар кандидаты, Академияның Шымкент қаласы бойынша филиал доценті
БОЛАШАҒЫМЫЗ ТУРАЛЫ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қос палатаның бірлескен отырысындағы «Жақын арада жүзеге асырылатын саяси реформалар мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбындағы Жолдауында қазіргі әлемдегі саяси күрделі кезеңде саяси реформалар мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы халықтың билікке деген сенімін нығайту мәселесін қозғады. Жер-жаһанға төндірген пандемия зардаптары, бүгінгі таңдағы экономикалық дағдарыс пен халықтың әл-ауқаты әрбір азаматты толғандырып, көкейде мың сан сауал туындатып отырғаны белгілі. Мемлекет басшысы өзінің саяси реформалар мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекет пен қоғам өмірінің әр саласына қатысты ой-пікірлері мен тың идеяларын, ұсыныстары мен тиісті органдарға арналған тапсырмаларын ортаға сала келіп, көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға тиянақты әрі көкейге қонымды жауап берді. Президент жаңа реформалардың негізгі бағыттарына тоқталды. Ол әсіресе, мемлекетті басқарудың, президентік басқарудан парламенттік басқару институтына және сайлау өкізу реформаларына, әділетті мемлекет құрудың, азаматтарды мемлекет басқару ісіне қатыстырудың жаңа үлгілерін ұсынды.
Мен өзім білім мен ғылым саласының маманы болғандықтан, Жолдаудағы осы мәселеге арнайы тоқталғалы отырмын. Мемлекет басшысы Мемлекеттік биліктің институттарын қалыптастырудың негізгі міндеті – жүйе ретінде Құқықтық мемлекет идеясының мәні – оның бірізді демократиялылығы, билік көзі ретіндегі халық егемендігін бекіту, мемлекеттің қоғамға бағынуы, қоғамның даму деңгейі мен саяси, əлеуметтік жəне экономикалық жағдайына сəйкес оның саяси жəне құқықтық рəсімдеуін таңдау. Бұл қазақстандық қоғамды басқарудың қазіргі заманғы жəне демократиялық үлгіні таңдаудағы бірінші тəжірибесі, сондықтан осыған дейінгі және осы жолғы Жолдауда адамзаттық қоғам, халық пен билік құндылығы сөз етілді. Бұл мәселеде жақын арада жүзеге асырылатын саяси реформалар, бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ, халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. Жолдаудың әр жолы осылайша елге, жас ұрпаққа, жас Қазақстан мемлекетінің болашағына деген қамқорлыққа толы екендігіне мен сенімдімін. Президент жолдауында айтылған барлық мәселе өзекті, сондықтан оны ел болып жүзеге асыру керек.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының ұжымы өмірлік маңызы зор бұл Жолдауды қызу қуаттай отырып, жаңа жағдайдағы жаңа мемлекет идеясының мәні – оның демократиялылығы, халық егемендігін бекіту, Конституциялық Кеңес сотын құру әр қазақстандықтың құқықтық қорғалуы мен құқықтық әділдігін жетілдіру еліміздің алдағы уақыттарда дамуына үлкен серпін беретініне сенімдіміз.
Еркебұлан МОЛДАБЕКОВ, Академияның Атырау облысы бойынша филиалының аға оқытушысы
ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢАРУЫ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдау барысында: «Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан, тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай, «күшті Президент», «ықпалды Парламент», «есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз. Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті», – деп атап өтті.
Өз сөзінде мемлекет басшысы маслихат төрағасы лауазымын енгізу туралы айтты. «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін маслихаттарға баса мән берген жөн. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін маслихат төрағасы лауазымын енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, маслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын», -деді.
Президент Конституциялық Сот құруды ұсынды. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін беру керек екендігін атап өтті. Менің ойымша, бұл өзгерістер азаматтық қоғамға негізделген әділ, әрі азаматтың құқығы тең қорғалған құқықтық мемлекет құру жолында маңызды қадам болады деп сенемін.
Ақзада МАДАЛИЕВА, з.ғ.к., Академияның Қызылорда облысы бойынша филиал профессоры
БАҚ ТУРАЛЫ ЗАҢҒА ӨЗГЕРІСТЕР ҚАЖЕТ
Президент Қ.К.Тоқаевтың Жолдауы халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді деп ойлаймын. Айтылған батыл бастамалар, сәяси және экономикалық салада ұсынылған реформалар әлеуеті зор, болашағы жарқын, ең бастысы – халықтың мүддесін басшылыққа алатын Жаңа Қазақстанды құруға ауадай қажет деп санаймын.
Өзім саяси коммуникация саласының маманы болғандықтын, осы Жолдауда баса айтылған халық пен билік арасындағы байланыс, бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты бастамалар аса қуантты. Саясаткерлердің әлеуметтік желілерді сайлау кезінде және халықпен тікелей байланыс орнату үшін белсенді қолдануын және де бұл процесстің нормативі тұрғыда реттелуін қолдаймын. БАҚ туралы заңға да өзгерістер ауадай қажет. Бұл қадамдар Қазақстанның біртіндеп демократиялық қоғамға айналуына оң ықпалын тигізетініне сенемін.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың журналистерге жауапкершілік пен еліне деген сүйіспеншілікке сүйене отырып ақпарат таратуы жайлы жасаған үндеуін орынды. Әр сөзді таразылап, ақылмен, парасатпен, елдің мүддесін ескере отырып жариялау – басты қағидаға айналуы тиіс. Саяси және ақпараттық сауаттылықты арттыруға көңіл бөлген жөн деп есептеймін. Өсіруге де, өшіруге де құдіреті жететін – сөз. Осыны тек журналистер емес, сонымен қатар әр бір қазақстандық азамат түсінуі қажет.
Ақерке БЕКАХМЕТОВА, Академияның Қостанай облысы бойынша филиалының директоры
ШЕКТЕН ТЫС бюрократияны жою ЖЫЛДАМ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУҒА ЖОЛ АШАДЫ
Мемлекеттік органдардың қызметіндегі құжат алмасулар жұмыс процесін жүйелеуде маңызды рөл атқаратыны рас. Алайда, тұтынушыға қызмет көрсету процесінің күрделілігі көптеген мәселелердің туындауына себеп болуы мүмкін. Әсіресе, қазіргідей жылдам да, өзгермелі, динамикаға толы заман формализмді көтермейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік аппараттың шешім қабылдаудағы баяу стилі мен шенеунік формализміне жол бермеу керектігін атап өтті.
«Құбылмалы жағдайда мемлекеттік аппарат ахуалға қарай жедел әрі үйлесімді әрекет ету керек. Шешім қабылдаудың баяу стилі мен шенеунік формализміне бұл жерде жол беруге болмайды. Қазір толығымен жұмылу керек. Шешімдер бизнес пе азаматтардың шынайы сұраныстары негізінде жылдам қабылдануы қажет. Ары кетсе 3 күн ішінде, әйтпесе, тәулік ішінде қабылдануы керек», – деген Президент Үкімет жанынан құрылған жедел штаб нақты уақыт режимінде ақпаратқа талдау жүргізетін, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиясыздандыру туралы жарлыққа қол қоятынын жеткізді.
Академияның Түркістан облысы бойынша филиалы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша 2022 жылға арналған Жоспар-кестесінде: «Ең алдымен – адамдар: мемлекеттік қызметтер сапасын арттырудың практикалық құралдары», «Мемлекеттік органдардың цифрлық трансформациясы: деректерді визуализациялау және аналитика», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет: халықпен және азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесу құралдары» тақырыптарына басымдық берген.
Мемлекет басшысының Жолдауын тиімді жүзеге асыруда филиал базасында ұйымдастырылатын оқытулар жергілікті атқарушы органдарының бизнес-процестерін оңтайлардыруға және шектен тыс бюрократияны жоюға жол ашатынына сенеміз.
Әлия Ахметова, Академияның Түркістан облысы бойынша филиалының Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ілгерілету кабинетінің меңгерушісі
ЖАҢА ӘЛЕМДЕГІ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН
Президентіміздің жолдауы нақты мүмкіншіліктерге негізделген мақсаттар жинағымен көрініс тапты.
Байқағанымыздай негізгі мәселелердің бірі халық үнімен үндесетін мемлекет мәселесіне көбірек көңіл бөлу керектігіне тоқталды. Халық үнін жеткізуші құрал ретінде Халық құрылтайының құрылуы және осы мақсаттағы нақты шаралар Парламентті нығайтумен бастау алатындығы ашық көрсетілді. Халық қалаулыларын сайлау кезінен бастап орын алатын өзгерістер, халық сұранысынан шыққан талаптар негізінде орын алды деп айтсақ болады. Атап тоқталсақ, сайлау алды жұмыстарда лоббизм мәселесіне жол берілмейтін шаралар, пропорцианалды және мажоритарлық сайлау жүйесінің аралас орын алуы нақты осы мақсаттың тиімді шешімдері екендігі сөзсіз.
Қазақ жерінің территориялық ерекшелігіне қарай Сарырарқа төрін белгілеуі, Ұлы жазушымыз Абай Құнанбаевтың құрметіндегі облыс атауы және ел басқарғандағы игі ісімен халық сүйіспеншілігіне ие болған Дінмұхамед Қонаевтың атымен аталатын қаланың пайда болуы біздің мақтаныштарымызды дәріптеудің ең жақсы көрінісі екендігі сөзсіз. Әрине, бұл шешімдер тек мақтаныштарымызды дәріптеуден бөлек территориялық басқару тиімділіктерін көздеген бірден бір ұтымды шешімдер болды.
Жолдау соңында, мақсат айқын, атқарылар шаруа көп, жаңа Қазақстанды қалыптастыруда Президент халықпен бірге екендігін жеткізді.
Бекмұхан АХМЕТОВ, Академияның Жамбыл облысы бойынша филиалының профессоры