Академияда Португалияның Қазақстандағы Елшісі Мария де Фатима Велез де Андраде Мендеш ханым келіп, магистранттарға қонақ дәріс өткізді.
Португалия елшісін ректор Ерлан Қуанышұлы Әбіл арнайы қабылдап, Академиямен, білім беру бағдарламаларымен таныстырды. Кездесу барысында Қазақстан мен Португалия арасында білім беру саласында ынтымақтастықты күшейтіп, Академия мен Португалияның ЖОО арасында академиялық ұтқырлық, ортақ зерттеу бағдарламаларын жүзеге асыру ұсыныстары талқыланды.
Сонымен қатар, Академияда білім алушыларға арналған португал тілінің курсын ұйымдастыру мүмкіндігі айтылды. Академия және Португалия Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатия институты арасында қол қойылған меморандумның екі ел арасында білім беру саласындағы маңызды қадамдардың бірі екені атап өтілді. Португалия Елшісі, өз кезегінде, Қазақстанның Орта Азия аймағындағы стратегиялық маңыздылығына тоқталып өтті. Сонымен қатар, Елші Қазақстан мен Португалия арасындағы ұқсастықтарды, діни және ұлттық толеранттық мәселелерін ерекше атап өтті.Кездесу, әдеттегі дәстүр бойынша, Елшінің Академияда білім алушыларға арналған еркін форматтағы қонақ дәрісімен жалғасты. Кездесуге «Халықаралық қатынастар» мамандығының магистранттары мен докторанттары белсене қатысып, қызығушылық тудырған сұрақтарына жауап алды.