Академия ректоры Италияның Қазақстандағы Елшісі Марко Альберти мырзаны қабылдады. Кездесу Академияның Development Day бағдарламасы аясында өткізілді.
Ректормен кездесу барысында Елші Италиядағы мемлекеттік қызметкерлердің құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ Италияның мемлекеттік қызмет туралы заңының ерекшеліктеріне тоқталды. Сонымен қатар академиялық ұтқырлық, жоғары білікті мамандардың қонақ-дәрістерін ұйымдастыру, Академияда «Италияның мәдени бұрышын» ашу мүмкіндігі, Елшілік арқылы екі мемлекеттің оқу орындары арасында тығыз байланыс орнату мәселелері талқыланды.
Кездесудің екінші бөлігі Елшінің Академияда білім алушыларға арналған қонақ дәрісіне жалғасты. Дәрістің тақырыбы мемлекеттік саладағы инновация, жасампаздық, мемлекеттік қызметшінің мәртебесі, біліктілігі, құзыреті сынды маңызды тақырыптарға арналды. Марко Альберти мырза өзінің дипломатия саласындағы тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, Италияның мемлекеттік секторындағы ерекшеліктерге де тоқталып өтті. Сонымен қатар инновация, мемлекеттік және жеке сектор арасындағы қарым-қатынас, экономикалық және цифрлық дипломатия, мемлекетті шетелге таныту, елдің туристік әлеуетін көпшілікке насихаттау мәселесінде ақыл-кеңесін айтып, білім алушылармен пікір алмасты.
Марко Альберти мырза 20 жылдан астам дипломатия саласында қызмет атқарып келеді. Елшінің ғылыми қызығушылықтары стратегиялық зерттеулер, цифрлық дипломатия, инновация, мемлекеттік және жеке секторды дамыту тақырыптарын қамтиды.