2018 жылғы 13 қыркүйекте құрамында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының (бұдан әрі – МБА) ректоры Фатима Жақыпова мен Халықаралық әріптестік орталығы басшысының орынбасары Айбек Сағынаев бар делегация Түрікменстан Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының (бұдан әрі – МҚА) құрылғанына он жыл толуына орай Ашхабад қаласында өткен ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Конференция жұмысына Түрікменстанның министрліктері мен ведомстволарының, жоғары оқу орындарының басшылары, БАҚ, Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасынан келген халықаралық сарапшылар, БҰҰ ДБ, Түрікменстандағы ЕО жобалары кеңсесінің, Ашхабад қаласындағы ЕҚЫҰ орталығы мен басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференцияда МБА-ның ректоры құттықтау сөзін сөйлеп, оның барысында кәсіби мемлекеттік аппаратты құру және мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар бойынша Қазақстан Республикасының тәжірибесіне қысқаша тоқталып өтті.
Одан бөлек, Ф.Н. Жақыпова жеке жұмыс кездесуінде МҚА-ның ұжымы (профессор-оқытушылар құрамы мен тыңдаушылар) алдында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерді даярлау бойынша тәжірибесі: қазіргі заманғы үрдістер мен ұлттық тәжірибе» тақырыбында презентация жасады. Кездесу барысында түрікмендік әріптестер мемлекеттік қызметті дамытудың қазақстандық тәжірибесіне, соның ішінде «А» және «Б» корпустарының қалыптасуы, мемлекеттік қызметшілердің еңбегін ынталандыру құралдары, еңбекке ақы төлеу жүйесіне қызығушылық танытты. Мемлекеттік қызметшілердің өнегелік-құқықтық мәдениет деңгейінің жоғарлығы – өркениетті демократиялық мемлекеттің атрибуты болып табылатындығы аталып өтті. Құқықтық тәрбиелеу формаларының бірі – заңдық білімділік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құраушыларға екпін бере отырып, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесі.
Бірлескен талқылаулар қорытындылары бойынша МҚА-ның әріптестері МБА-мен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға ниет білдірді. Қазіргі уақытта Меморандум жобасы түрікмен тарапында келісу үстінде.