Ақтөбе облысының әкімі үшін адам бойынан табылуы тиіс үш негізгі қасиет қандай? Бұл сұраққа Бердібек Сапарбаевтың өзі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облыстық филиалының тыңдаушыларымен кездесуінде айтып берді.
Еңбекқорлық, адамгершілік және үздіксіз білім алу. «Міне, осы үш қасиетті», – аймақ басшысы «әр мемлекеттік қызметкердің бойынан іздеймін», – деді. Үздіксіз білім демекші, әкіммен болған басқосуға жоғары оқу орнынан мамандығын алып шықса да, әлі де білімін тереңдетемін деуші жас мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Адами капиталды дамыту тақырыбында сөз алған Бердібек Сапарбаев «Алға қойған міндеттердің ең маңыздысы – халықтың өмірін жақсарту. Оң өзгерістерді Ақтөбелік тұрғындардың өздері сезіну керек», – деп атап өтті. «Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан өңірдің болашағы тынымсыз еңбек ететін, жауапкершілігі мол әрі адал қызмет ететіндердің қолында», – деп түйіндеді өз сөзін облыс әкімі.
Қыркүйектің 26 күні өткен шараға сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы МБА вице-ректоры Әлтаир Ахметов те қатысты. Астанадан келген мейман Академияда білім беру бағдарламалары бойынша қолға алынып жатқан тың өзгерістер мен «Цифрлық Академия» жобасы жайлы ой қозғады.
Берері мол келелі кездесудің соңында филиалда жүзеге асырылып жатқан «Өзгерістер елшісі» жобасы таныстырылды. Ауылдық округ әкімдері саланы дамытуға бағытталған өз жобаларын ұсынды.