Жаңалықтар

АШЫҚ ҮКІМЕТ ЖӘНЕ БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА МӘДЕНИЕТІ: ЕСТУ, ТҮСІНУ, ӘРЕКЕТ ЕТУ

2023 жылдың 27-28 сәуірінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Ашық үкімет және басқарудың жаңа мәдениеті: есту, түсіну, әрекет ету» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Шара Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қолдауымен және Астана Мемлекеттік қызмет хабының қатысуымен ұйымдастырылды.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев конференцияның панельдік сессиясында сөйлеген сөзінде заманауи әрі әділ экономикалық-саяси жүйе құру, сондай-ақ, Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз ету жолындағы негізгі міндеттердің бірі – елдегі мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру екенін атап өтті. Соған байланысты Сенат Төрағасы табысқа жеткен әлемдік кейстерді зерделеп, оларды мемлекеттік органдар қызметінің ерекшелігін ескере отырып белсенді енгізуге шақырды.

«Қазір елімізде қызмет көрсету моделінің элементтерін енгізу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл орайда адам, оның қажеттіліктері мен мақсаттары мемлекеттің басты назарында болатыны анық. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың келесі, яғни табиғи және эволюциялық деңгейі. Мұндай жағдайда қызмет көрсету моделі қалыпты жұмыс істеуі үшін екі негізгі шарт қажет. Біріншісі – ашық, демократиялық саяси жүйе. Ол билік тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдік жүйесін, бәсекелестікті, ашықтықты және тағы басқаларын білдіреді. Екінші шарт – азаматтық қоғам, қуатты саяси партиялар, қалыптасқан өзін-өзі басқару институттары, тәуелсіз БАҚ, белсенді үкіметтік емес ұйымдар сияқты мемлекеттік органдардың орнықты және ықпалды серіктес-акторларының болуы. Сондықтан мемлекеттік басқаруды реформалау жүйесін саяси реформалармен үндестірудің маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілдің айтуынша, конференция мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелерін талқылау және практикалық ұсыныстар әзірлеу мақсатында ұйымдастырылды.

«Конференцияны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – Қазақстанның мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибесімен бөлісу. Қазіргі кездегі саяси реформалардың өзектілігін, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін жүзеге асырылатын іс-шараларды пысықтау.Конференция үш зерттеу бағытына сай өтті: «Ашық үкімет», «Жаңа басқару мәдениеті», «Ашық диалог және әлеуметтік әріптестік». Іс-шара барысында «Ашық үкіметті» енгізудің халықаралық және ұлттық тәжірибелері, «Цифрлық мемлекет» үлгісін қалыптастырудың негізгі аспектілері, мемлекеттік басқаруды бюрократиядан арылту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар мемлекеттік басқаруды реформалау аясында мемлекеттік қызметші болмысының өзгеруі және мемлекеттің, бизнестің және үкіметтік емес ұйымдардың стратегиялық әріптестігі сияқты маңызды тақырыптар талқыға салынды», – деді ректор.

Конференция барысында Нобель сыйлығының лауреаты Рэ Квон Чунг мырза Net Zero технологиясы мен жасыл энергетика саласындағы зерттеулерімен және тәжірибесімен бөлісті. Оның пікірінше, «энергетикалық ауысу» үшін қоғамдық көлікке «жасыл инвестиция», экологиялық салық реформасы, төмен көміртекті жасыл өсу стратегиясы және тұтынушылардың ерікті қатысу жүйесі қажет. Бұл ретте, тұтынушылардың білімін арттыру және ой-пайымын өзгерту бойынша әлеуметтік науқан  маңызды, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін ерікті түрде тұтыну және көміртегі шығарындыларын төлеу жүйесін әзірлеу қажет, яғни тұтынушылар жаңартылатын энергияны өз еркімен сатып алып, өздерінің қосатын жеке үлестерін анықтай алады.

 «Қазіргі таңда сіздер қысқа мерзімді нәтижелерге қол жеткізу үшін «Ашық үкімет» құру бағытында жұмыс істеп жатырсыздар. Дегенмен, ұзақмерзімді мәселелерді де ескерген жөн, өйткені олар қысқамерзімді нәтижелерге әсер етуі мүмкін. Мен бұл мәселені «Жасыл өсу» тұжырымдамасы арқылы шешуді ұсынамын. Осы Тұжырымдама аясында климаттық қызметтің қаржылық және технологиялық аспектілеріне назар аударып, белсенді азаматтардың қатысуымен қоғамда ашық көшбасшылықты дамыту қажет. Мемлекеттік саясатты қоғамның қолдауынсыз жүзеге асыру мүмкін емес және климаттық шараларды қабылдауға Үкіметпен қатар, бизнес-құрылымдар да жауапты болуы керек. Сонымен қатар қарапайым тұтынушы азаматтарға қолдау көрсету де өте маңызды, өйткені бұл жобада Үкімет қаржылық ресурстармен шектеліп қалуы мүмкін. Мәселені шешу үшін тұрақты және экологиялық өсуді қамтамасыз ету мақсатында технологиялық инновацияларды, экономикалық және әлеуметтік саясатты интеграциялау қажет», – деді профессор Чунг.

Атап өтейік, конференцияның пленарлық отырысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Мұратұлы Сүлейменов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Медеғалиұлы Жазықбаев, экономика профессоры, Нобель сыйлығының бейбітшілік саласы бойыншалауреаты Рае Квон Чунг, Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Фриберг-Стори Микаэла, Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың Басқарушы комитетінің төрағасыӘлихан Мұхамедұлы Байменов қатысты.

 


Your browser does not support SVGs