Әлемнің 30 елінің өкілдері мемлекеттік қызметтің тұғырлы үш мәселесін Астана мемлекеттік қызмет хабының «Меритократия. Адалдық. Инновациялар» атты жыл сайынғы конференциясында талқылауда.
Конференцияның ашылуында Астана хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов: «Пандемия көрсеткендей, қысылтаяң шақта азаматтар үкіметтерден уақытылы және тиімді шешімдерді күтеді. Өз кезегінде бұл кәсібилік және ашықтықпен қатар халықаралық озық тәжірибені өз елінің игілігі үшін пайдалануды қажет етеді. Бұл да Хаб жұмысының өзектілігін айқындайды», – деді.
Конференцияға 100-ден астам ұйым мен 30 елден 300-ге жуық қатысушы қатысып жатыр. Конференцияны ұйымдастырушылар: Астана мемлекеттік қызмет хабы, Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы.
«Бүгін біз кемелдікке қол жеткізуге бағытталған 10 жылдық әріптестік туралы айтып отырғандықтан, Астанадағы мемлекеттік қызмет хабының мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудегі рөлін атап өтпеске болмас. Біз арадағы өзара әріптестігімізді жоғары бағалаймыз. 2015 жылдан бері біздің Академия бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеді. Астана хабының мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайту миссиясы да ерекше назар аударуға лайық. Алдағы үш күнде конференция аясында әлемді өзгертетін және тұрақты болашақты жақындататын идеялар айтылатынына шын жүректен сенімдімін», – деді Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.
Арнайы сессияда мемлекеттік қызметте таланттарды басқару, сыйақы, дебюрократизация және т.б. сияқты маңызды бағыттарды қамтитын Хабтың жаңа он зерттеуі таныстырылады. Жалпы, Хаб мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласында 70-тен астам зерттеу жасаған, олар тиісті экспозицияда ұсынылды.
Конференция аясында мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау үшін өзгерістерді басқару жөніндегі өңірлік екі күндік семинар өтіп жатыр. Корея Республикасының, Дүниежүзілік Банктің және ЭЫДҰ-ның жетекші практиктері мен халықаралық сарапшылары Орталық Азия мен Кавказдың жеті елінің мемлекеттік қызметшілерімен өзгерістерді басқару құралдары мен әдістемесімен бөлісуде. Бұл семинар Корея Республикасы Үкіметінің, Астана мемлекеттік қызмет хабының және БҰҰДБ бірлескен жобасы шеңберінде өткізіліп жатыр.
Қорытынды сессияда мемлекеттік басқару академиялары мен мектептерінің өкілдері мемлекеттік басқаруды оқытудың және зерттеулер жүргізудің өзекті мәселелерін талқылайды.