Жаңалықтар

Әлихан Байменов: «Мемлекеттік басқару» пәнін тәжірибеме және зерттеулерге сүйеніп жүргіземін

Астана Мемлекеттік Қызмет Хабы басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов Академияда Ұлттық мемлекеттік саясат мектебінде «Мемлекеттік басқару» білім беру бағдарламасының магистранттарына дәріс оқиды.  Бүгін профессор өзінің мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, тыңдаушыларға мемлекеттік басқаруға әсер ететін факторлар туралы айтып берді.

Әлихан Мұхамедияұлы сұхбатында мемлекеттік басқаруды жеке сала ретінде оқытатынын атап өтті.

«Академияда «Мемлекеттік басқару» пәнін жүргіземін. Мемлекеттік басқару – экономика немесе заң ғылымының бір бөлігі деген дәстүрлі түрде қалыптасқан пікір бар. Мен пәнді тәжірибеме, зерттеулерге сүйеніп, нақты менеджмент, көшбасшылық тұрғысынан қарастырамын және мәдениеттің мемлекеттік басқаруға әсері, саяси жүйенің әсері сияқты тақырыптарды ашуға тырысамын. Бұл еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін тереңінен түсініп, шешім қабылдаған кезде қажет болады деп есептеймін», – деді Академияның құрметті профессоры.

Сондай-ақ Әлихан Мұхамедияұлы магистранттар мен докторанттарға оқу барысында уақытын тиімді пайдалануға кеңес берді.

«Академияға оқуға келген мемлекеттік қызметшілерге айтар кеңесім – осында жүрген кездегі уақыттарын жемісті пайдалансын. Бір жағынан ғылыми зеттеумен айналысса, екінші жағынан тәжірибесі бар адамдармен ақылдасып, үшінші жағынан Астананың мәдени ордаларында, кітапханаларында болып, күш-уат жинауға кеңес беремін. Оқудан кейін жұмысқа жаңа күшпен кірісетіндей болу керек», – деп сөзін қорытындылады ол.


Your browser does not support SVGs