14 қыркүйекте Академия ректоры Ерлан Әбіл Шанхайда Фудань университеті (Fudan University) Халықаралық қатынастар және Әлеуметтік қатынастар мектебі басшысы Су Чангхе мырзамен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттік басқару саласында мамандармен алмасу, мемлекеттік қызметшілерге арнайы тағылымдамалар ұйымдастыру, оқытушылық құрамға арналған бағдарламалар талқыланды. Сондай-ақ Академия білім алушыларына арналған бірлескен оқу бағдарламасы (Joint degree program), Фудань зерттеу орталықтарымен ортақ зерттеулер жүргізу (think tank) сияқты мәселелер ұсынылды.
Естеріңізге сала кетейік, Фудань университеті әлемнің және Қытайдың озық жоғары оқу орындарының қатарында, әлемнің QS рейтингінде 50-ші орынды иеленіп отыр. Білім алушылар арасында Фудань университінің саясаттану, халықаралық қатынастар, мемлекеттік басқару, әлеуметтік қатынастар бағдарламалары үлкен сұранысқа ие. Жалпы университет қабырғасында 77 зерттеу институты, 112 дисциплинааралық институт және 5 лаборатория жұмыс істейді. Кездесу Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ) заң университеттері қауымдастығының форумы және жоғары білікті халықаралық мамандарды даярлау форумы аясында өтті.