Қолданбалы зерттеулер институтының бас сарапшысы Құралай Нұрбек Академия атынан Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҚҰ) Елдік үйлестіру тетігінің 2-ші отырысына қатысты.
Халықаралық шара Швейцарияның Даму және Ынтымақтастық Агенттігі (SDC) қаржыландыратын «Орталық Азияда басқарылатын еңбек көші-қонына қолдау бағдарламасы» өңірлік жобасының ұйымдастыруымен өтті. Шара еңбек көші-қоны саласындағы екіжақты ынтымақтасты нығайтуға ықпал етеді. Аймақтық жобаға Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстан қатысады.
2022-2026 жылдарға арналған жоба мақсатты елдердің үкіметтері мен мүдделі тараптардың проблемаларын анықтауға бағытталған. Сондай-ақ ұлттық және аймақтық деңгейлерде еңбек көші-қоны саласындағы саясат пен процестерді жүйелі бейімдеуге арналған.
ХКҚҰ Елдік үйлестіру тетігі өзгермелі еңбек нарығы динамикасын және жалдап жұмысқа алуда қызметкерлерді тұрақты қорғау деңгейін көтерудің жайын ескеріп, еңбек көші-қонын басқару мәселелерін анықтау және оларға жауап беріп шешу мақсатында мүдделі тараптар арасында тұрақты кері байланыс пен пікір алмасу платформасын қамтамасыз етеді.
ХКҚҰ ЕҮТ отырысы екіжақты еңбек келісімдеріне қатысатын елдер арасындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты нығайту жолдарын қарастырды. Бұл ретте еңбек мигранттары құқықтары мен әл-ауқатын қорғауға және жіберуші және қабылдаушы елдерге бір уақытта өзара пайда беруге баса назар аударылды.