Академия ректоры Ерлан Әбіл жыл сайынғы «Qazaqstan Project Management Awards-2023» ұлттық байқауының ашылу салтанатына қатысып, форумға қатысушыларға табыс тіледі.
«Жыл сайын іс-шараның ауқымы кеңейіп келеді. Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар, бизнес-қоғамдастық, жоғары оқу орындарынан қатысушылар мен қонақтар саны артып келе жатыр. Академия 2020 жылы алғашқы QazPMA ұйымдастырушыларының бірі болды және шара сәтті өткізілгені үшін беделді IPMA Global Project Excellence Award халықаралық сыйлығының алтын наградасымен марапатталды. Байқау 2021, 2022 жылдары да жалғасын тапты. Биыл эстафета Цифрлық даму министрлігіне берілгенімен, Академия байқауды ұйымдастыруға белсенді түрде қатысуды жалғастыруда. Биылғы байқауға қатыстырылған ассессорлар пулының негізін біздің жаттықтырушы-кеңесшілер құрады», – деді Ерлан Әбіл.
Сондай-ақ ректор Президент Әкімшілігін және барлық қатысушы тараптарды жобалық басқаруды мемлекеттік секторға енгізу жөніндегі бағдарламаны іске асырғаны үшін IPMA халықаралық конкурсында жеңіске жеткенімен құттықтады. Бұл жетістік жобалық басқарудың ұлттық жүйесінің барлық қатысушыларының бірлескен күш-жігерінің нәтижесі екенін атап өтті.