Жаңалықтар

«А» корпусының мемлекеттік қызметшілерін оқыту басталды

Бүгін Академияда арнайы қайта даярлау курстары бағдарламасы бойынша «А» корпусының мемлекеттік қызметшілерін оқыту басталды.

Бағдарламаның ашылуына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет бөлімінің меңгерушісі Руслан Тұрғаналы, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Берік Жәкенов және бағдарламаның модераторы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл қатысты.

Дархан Медеғалиұлы шараның ашылуында бағдарлама қатысушылары, ең алдымен, мемлекеттік органдардың кадр мәселесімен тікелей айналысатын басшылар екенін атап өтті. Осыған орай, өзгерістерді басқару сұрақтарына назар аударатын бағдарлама әзірленді.

«Өзгерістерді адамның өзінен бастау керек. Өзгеріс болған жерде даму да, соған сай нәтиже де болатыны сөзсіз», – деді Дархан Медеғалиұлы.

Оқытудың негізгі мақсаты – жұмыс процестерін өзгерту, деректермен және статистикалық мәліметтермен жұмыс істеу, стратегиялық кадрлық мәселелер, БАҚ-пен өзара әрекеттесу және оқуда меңгерген теорияны мемлекеттік органдарда  тәжірибе жүзінде қолдану.

Өз кезегінде ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері Тұрғаналы Руслан Мұхтарұлы мен Жәкенов Берік Оралұлы реформаларды жүзеге асыру және кәсіби аппаратты қалыптастыру мақсаттарына жету үшін алған білімдері мен тәсілдерін пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың аппарат басшылары мен комитет төрағалары рөлінің маңыздылығы туралы айтылды.

«Сіздер мемлекеттік органдардың артериясысыздар және мемлекет алдында үлкен жауапкершіліктеріңіз бар», – Руслан Мұхтарұлы өз сөзінде.

Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Қуанышұлы бағдарламаның «А» корпусы мемлекеттік қызметшілерінің басқару құзыретін жетілдіру және мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Оқыту нәтижелері бойынша қатысушылар өз бөлімдерінің негізгі бағыттары бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлейді және Ted Talks форматында қорғап, оқыту бағдарламасының соңғы аптасында арнайы шешімдерін ұсынады.


Your browser does not support SVGs