Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрылымында Адами ресурстарды басқару институты құрылды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Агенттіктің 2023 жылғы жыл қорытындысы бойынша алқа отырысында мәлімдеді.
Агенттік төрағасы алқа отырысында Президенттің тапсырмаларын орындау шаралары туралы айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауында Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне толыққанды стратегиялық HR институтына айналу міндетін қойды.
Аталған Институт құзыреттілікті бағалау, HR-аналитика, талант менеджмент, тестілеу, ақпараттық жүйені сүйемелдеу тәрізді бес бағыт бойынша жұмыс атқаратын болады.
Институт жұмысы 2024 жылы толығымен жанданып, даму жоспарына сәйкес:
– бағалау нәтижелерінің деректері, «E-Qyzmet» жүйесінде жүргізілген тестілеу, оқыту, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және басқа да қолда бар деректерге аналитикалық талдау жүргізу;
– уәкілетті органдарға мемлекеттік қызметтегі кадрлық ресурстардың сапасын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
– мемлекеттік қызметтегі таланттарды басқарудың әдістемелік тәсілдерін әзірлеу;
– тестілеу арқылы үміткерлерді бағалаудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру;
– мемлекеттік қызметке тұруға өтініш берген үміткерлерді бағалау үшін тиісті тесттер базасын толықтыру, және үміткерлерді тестілеуден өткізу;
– ағымдағы ақпараттық жүйені «E-Qyzmet» жүйесіне интеграциялау сияқты мақсаттарды орындау жоспарланған.
Агенттіктің алқа отырысына Президент Әкімшілігінің өкілдері, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Агенттік жанындағы Қоғамдық кеңес, Әдеп жөніндегі комиссия, Сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және оның қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі Консультативтік-сараптамалық топ мүшелері қатысты.
МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай өткен жылы Агенттіктің барлық бастамасы Мемлекет басшысының мемлекеттік аппараттың адамға бағдарланған және сервистік моделін қалыптастыру бойынша қойған міндеттерін жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.